Азаматтардың басым көпшілігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» идеясын қолдайды – сауалнама
Бөлісу
Фото ИИ: ChatGPT
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген II тоқсандағы әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 87,3%-ы «Заң мен Тәртіп» қағидаты туралы хабардар. Сонымен қатар, респонденттердің 67,1%-ы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын ел үшін басым бастамалардың бірі ретінде атаған. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 2 400 респондент қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.
Зерттеу қорытындысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтардың бірі саналатын «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғам тарапынан кең қолдау тауып отырғанын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, бұл азаматтардың әділдікке, жауапкершілікке және заң үстемдігіне негізделген мемлекет құруға деген сұранысын айғақтайды.
Сауалнама деректері аталған қағидаттың қала мен ауыл тұрғындары арасында бірдей танымал екенін көрсетті. Ауылдық жерлердегі тұрғындардың 85,1%-ы бұл бастама туралы білетінін айтқан. Бұл мемлекеттік саясаттың тек ірі қалаларға ғана бағытталғаны жөніндегі пікірдің негізсіз екенін аңғартады.
Зерттеу барысында азаматтардың заң мен тәртіпті қамтамасыз етуді мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті ретінде қабылдайтыны анықталды. «Елде заң мен тәртіпті сақтауға ең алдымен кім жауапты?» деген сұраққа респонденттердің 43,6%-ы мемлекет пен азаматтар жауапкершілікті тең дәрежеде көтеруі тиіс деп жауап берсе, 30,6%-ы бұл міндет ең алдымен әрбір қазақстандықтың мойнында екенін айтқан. Осылайша, сауалнамаға қатысқандардың 74,2%-ы заңдылықты қамтамасыз етуді азаматтардың жеке немесе мемлекетпен тең жауапкершілігі деп бағалайды.
Жас ерекшелігі бойынша жүргізілген талдау жастардың азаматтық жауапкершілікке ерекше мән беретінін көрсетті. 18–28 жас аралығындағы респонденттердің 52,8%-ы заң мен тәртіптің сақталуына бірінші кезекте әрбір азамат жауапты болуы тиіс деп есептейді.
Сауалнама Президенттің негізгі бастамаларына қатысты қоғамдық пікірді де саралады. Респонденттердің 67,1%-ы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын ел үшін басым бастамалардың бірі ретінде атаған. Бұл бастама студенттер, еңбекке қабілетті азаматтар, орта буын өкілдері және жоғары білімді қазақстандықтар арасында кең қолдау тапқан.
Сонымен қатар, зерттеу инфрақұрылымның қолжетімділігіне қатысты оң бағалардың артқанын көрсетті. Әлеуметтік нысандарға қанағаттану деңгейі 78%-ға дейін жеткен. Ең жоғары көрсеткіш мектептердің қолжетімділігіне тиесілі – респонденттердің 78,9%-ы білім беру ұйымдарының қолжетімділігіне оң баға берген. Сондай-ақ мәдениет мекемелері (73,8%), балабақшалар (73,5%), демалыс орындары (73,7%) және спорт кешендерінің (72,3%) қолжетімділігі жоғары бағаланған.
Зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттік институттардың жұмысына деген жоғары сенім мен хабардарлық деңгейі балалы және көпбалалы отбасыларда, жастар арасында, сондай-ақ бюджеттік ұйым қызметкерлері арасында байқалған.
Сауалнамаға қатысқандардың 66%-ы Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының маңыздылығын атап өткен. Әсіресе бұл бастаманы 18–28 жас аралығындағы жастар (65,2%) мен 29–45 жас аралығындағы экономикалық белсенді азаматтар (68,6%) қолдайды.
Бұдан бөлек, респонденттердің 60,7%-ы жасанды интеллект технологияларын ел экономикасы мен әлеуметтік салаларына кеңінен енгізуді қолдайтынын білдірген. Бұл үрдіс әсіресе студенттер мен жастар арасында айқын байқалады.
Жалпы, зерттеу нәтижелері қоғамның елді дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық бастамаларды қолдайтынын көрсетті. Қазақстандықтар өмір сапасын жақсартуға, цифрлық технологияларды дамытуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, білім беру жүйесін нығайтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған реформаларға оң көзқарас танытып отыр.
Бөлісу