Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстандықтардың қоғамдық кеңестерге жолдаған өтініштерінің 60%-дан астамы оң шешімін тапты

Қазақстандықтардың қоғамдық кеңестерге жолдаған өтініштерінің 60%-дан астамы оң шешімін тапты

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 24
cover

Фото ИИ: ChatGPT

Қазақстандағы қоғамдық кеңестер институты мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды тетікке айналып келеді. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы азаматтардың қоғамдық кеңестер жұмысына деген қызығушылығы мен сұранысының артып келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды SKO24.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде бүгінде 264 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 36-сы республикалық, ал 228-і жергілікті деңгейде қызмет атқарады. Кеңес құрамының 74 пайызын азаматтық қоғам өкілдері құрайды. Бұл қоғамдық кеңестердің мемлекеттік шешімдерді талқылауға және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға азаматтарды кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

2026 жылдың алғашқы алты айында қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты 3 400-ден астам нормативтік құқықтық актінің жобасын қарады. Сонымен қатар халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өзге де өзекті мәселелер бойынша 495-тен астам қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды.

Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз ету бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдары басшыларының 990 есебі тыңдалды. Нәтижесінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру және мемлекеттік органдардың ашықтығын күшейту жөнінде бірқатар ұсыным әзірленді.

Азаматтардың өтініштерін қарау қоғамдық кеңестер қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Биылғы алғашқы жартыжылдықта әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, жер қатынастары және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша 900-ден астам өтініш қаралып, олардың 60 пайыздан астамы оң шешімін тапқан.

Қоғамдық кеңестердің қызметі kazkenes.kz бірыңғай ақпараттық порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда кеңестердің құрамы, отырыстардың күн тәртібі мен хаттамалары, бейнетрансляциялар және қоғамдық бастамалар жарияланып отырады. Портал іске қосылғаннан бері оған 1,8 миллионға жуық пайдаланушы кірген.

Республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестердің жұмысын үйлестіру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Үйлестіру орталығы құрылған. Орталық қоғамдық кеңестерге әдістемелік қолдау көрсетіп, үздік тәжірибелерді таратуға және қоғамдық бақылаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бөлісу