Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстанның Бас прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Сарапшылық кеңесті іске қосты

Қазақстанның Бас прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Сарапшылық кеңесті іске қосты

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 14
cover

Қазақстанның Бас прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Сарапшылық кеңестің жұмысын бастады. Жаңа кеңес инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейтін тұрақты алаң болады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Алғашқы отырыста Бас прокурор Берік Асылов инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеудің жаңа жүйесін таныстырды. Оның айтуынша, прокурорлар инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының барлық кезеңінде олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол заң Қазақстанның басты бәсекелестік артықшылықтарының біріне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта прокурорлық сүйемелдеуде жалпы құны 112 трлн теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба бар. Үш мыңнан астам инвестордың құқықтары қорғалып, 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 270-тен астам жоба іске асырылуда.

Ведомствоның мәліметіне сәйкес, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы сот даулары шамамен 40%-ға азайған, бизнесті әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайлары 16%-ға қысқарған. Жыл басынан бері прокуратура инвесторлардың құқықтарын бұзуы мүмкін мемлекеттік органдардың 800-ден астам шешімін келісуден бас тартқан.

Отырыс барысында құрылыс саласындағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері де қаралды. Қатысушылар жобалық құжаттаманы сараптау кезінде жасанды интеллектіні енгізуді, қарау мерзімдерін қысқартуды және «ескертулердің толық тізбесі» қағидатын қолдануды қолдады.

Сонымен қатар инвестициялар саласындағы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін қайта қарау ұсынылды. Формалды көрсеткіштердің орнына жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құру, экспортты дамыту, импортты алмастыру және инвестициялық жобаларды табысты іске асыру сияқты нақты экономикалық нәтижелерге басымдық беру көзделіп отыр.

Берік Асыловтың айтуынша, Бас прокуратура жанындағы Сарапшылық кеңес формалды орган емес, бизнес көтерген жүйелі мәселелерді жедел қарастыратын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы болады.

Бөлісу