Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстанның энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі алты жылда 4 есеге өсті

Қазақстанның энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі алты жылда 4 есеге өсті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 17
cover

Фото ИИ: Gemini

Қазақстанның энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі соңғы алты жылда төрт есеге өсті. Егер алты жыл бұрын бұл көрсеткіш 2 пайызды құраса, бүгінде 8 пайызға жетті. Бұл туралы елдегі жаңартылатын энергетика саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында белгілі болды, деп хабарлайды SKO24.kz.

ЖЭК үлесінің артуына мемлекеттік қолдау шаралары, жобаларды іріктеу бойынша аукциондар өткізу, инвестиция тарту және жаңа генерациялау нысандарын іске қосу ықпал етті.

Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы белгіленген қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 71 жел электр станциясы мен 54 күн электр станциясы бар. Сонымен қатар елімізде 44 гидроэлектр станциясы және үш биогаз станциясы жұмыс істеп тұр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК нысандары 8,6 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Өткен жылы жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын тоғыз жаңа нысан пайдалануға берілді.

Саладағы өсім 2026 жылы да жалғасуда. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңа ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында төрт жел электр станциясы, бес күн электр станциясы және бір гидроэлектр станциясы бар.

Жыл соңына дейін жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 8,8 млрд кВт·сағ-қа жетеді деп күтілуде.

Алдағы жылдары Қазақстанда жалпы қуаты 3,6 ГВт болатын шамамен 100 ЖЭК жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жалпы қуаты 4 ГВт болатын ірі жобалар да пысықталуда.

Жаңартылатын энергетика секторына TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy сияқты ірі халықаралық инвесторлар тартылған. Шетелдік компаниялардың қатысуы салаға инвестиция мен заманауи технологияларды тартуға, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын арттыруға мүмкіндік береді.

ЖЭК-ті дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Жаңа жобалардың іске қосылуы елдің энергия теңгеріміндегі таза энергия үлесін арттырып қана қоймай, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Бөлісу