«Белсенді азаматтық ұстаным таныту қажет», – солтүстікқазақстандық Сәуле Сүлейменова Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы
Бөлісу
Құрылтай депутаттарының сайлауына бір айға да жетпейтін уақыт қалды. Бұл – Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси оқиғалардың бірі. «Конфессияаралық және этносаралық қатынастарды зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, философия ғылымдарының кандидаты және Солтүстік Қазақстан облысының белгілі қоғам қайраткері Сәуле Сүлейменова осы тағдырлы сәтте әрбір қазақстандық жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, мемлекет болашағы үшін саналы таңдау жасауы қажет деп есептейді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Алдағы сайлаудың маңызы туралы ой бөліскен Сәуле Сүлейменова бүгінде Қазақстан ауқымды әрі терең саяси жаңғыру жолымен сенімді түрде алға басып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жағдайда жүргізіліп жатқан реформалардың табысты болуы ең алдымен азаматтардың белсенділігі мен ел өміріне бейжай қарамауына байланысты.
«Кез келген мемлекеттің орнықты дамуының негізі – мықты азаматтық қоғам. Азаматтық қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысу деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік институттарға деген сенім де, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігі де соғұрлым арта түседі. Жаңа саяси жүйе жағдайында мемлекет пен қоғам арасындағы диалог билік, азаматтық қоғам және бизнес арасындағы тең құқықты әріптестікке негізделуі тиіс», – деді ол.
Саяси жүйенің жаңаруы жағдайында билік пен қоғам арасындағы диалог жаңа сапалы деңгейге көтерілуде. Сәуле Қалкенқызы алдағы сайлау – елдегі өзгерістердің маңызды кезеңі екенін, ал әрбір азаматтың дауысы Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтынын айтты.
«Осы тұрғыда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтық сектордың, әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен жауапкершілігі айтарлықтай артып отыр. Дәл осы ұйымдар арқылы бүгінгі күні әлеуметтік қорғау, экологиялық қауіпсіздік, балалардың құқықтарын қорғау, инклюзивті қоғамды дамыту, әйелдер мен жастарды жан-жақты қолдау, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту сияқты ең өзекті мәселелер көтеріледі. Бұл – мемлекет халықтың үнін естіп қана қоймай, онымен тиімді өзара іс-қимыл жасайтын сындарлы диалогқа негізделген жаңа саяси мәдениет деңгейі. Құрылтай қоғамның нақты сұраныстарына және тең құқықты әріптестік қағидатына сүйене отырып шешім қабылдауға тиіс. Ал әрбір азаматтың міндеті – белсенді азаматтық ұстаным танытып, саналы таңдау жасау», – деп атап өтті Сәуле Сүлейменова.
Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Кеше елімізде ресми түрде сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Ол 22 тамыз күні сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Бөлісу