Экономиканың тұрақты өсімі, сапалы институттар және тұрақтылық – Қазақстанның басты артықшылықтары
Бөлісу
Фото ИИ: ChatGPT
Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттер инвестиция тартуда арзан жұмыс күшімен, салықтық жеңілдіктермен және табиғи ресурстарға қолжетімділік арқылы бәсекелесетін. Қазір жағдай өзгерді. Пандемия, геосаяси дағдарыстар, жаһандық жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы және технологиялық бәсекенің күшеюі бизнестің көзқарасын өзгертті. Бүгінде инвесторлар үшін күтілетін табыспен қатар мемлекеттік институттардың сапасы, экономикалық саясаттың болжамдылығы және елдің ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету қабілеті де маңызды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Сенім жаңа экономикалық капиталға айналды. Ол қаржы тарту құнына, ірі жобаларды іске асыру мерзіміне, халықаралық компаниялардың жаңа өндірістер ашуға дайын болуына және инвестициялық тәуекелдердің деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан басқару сапасы, шешім қабылдау жылдамдығы және мемлекеттік саясаттың сабақтастығы алдыңғы орынға шықты.
Мақала авторлары мұндай үрдіс Орталық Азиямен ғана шектелмейтінін атап өтеді. Мысал ретінде Сауд Арабиясы, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктері келтірілген. Табиғи ресурстарға бай бұл елдер шикізатқа тәуелділікті азайтып, қайта өңдеу өнеркәсібін, логистиканы және заманауи өндірісті дамытуға басымдық беріп келеді.
Осы жағдайда Қазақстан да жаңа талаптарға бейімделген елдердің қатарынан көрініп отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,6%-ға өсіп, 20 млрд доллардан асты. Ал жеке инвестициялар 21%-дан астам көбейді.
Сонымен қатар Қазақстан Safest Countries for Investors 2026 халықаралық рейтингінде 17 сатыға жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілді. Осылайша ел Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастады.
Қазақстанның экономикалық келешегіне халықаралық қаржы институттары да оң баға беріп отыр. Халықаралық валюта қоры 2026 жылы ел экономикасы 4,6%-ға өседі деп болжаса, Дүниежүзілік банк тұрақты өсімнің алдағы жылдары да сақталатынын айтады.
Жаңа буын экономикасы: әртараптандыру өсімнің жаңа драйверіне айналды
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан экономикасының құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Егер бұрын өсімнің негізгі қозғаушы күші тау-кен өндірісі болса, бүгінде қосылған құны жоғары өнім шығаратын салалардың үлесі артып келеді.
2025 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсті. Негізгі өсімді өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және сауда салалары қамтамасыз етті. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасты. Қаңтар–маусым аралығында экономика 4,1%-ға өссе, құрылыс саласы 15%-дан астам өсім көрсетті. Сонымен бірге көлік, логистика және өнеркәсіп өндірісі де жоғары қарқынды сақтап отыр.
Инвестициялардың құрылымы да өзгеруде. Қазіргі таңда капиталдың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, құрылысқа, көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, сондай-ақ ақпарат және байланыс саласына бағытталуда.
Бұл инвесторлар үшін маңызды көрсеткіш саналады. Себебі экономиканың өсу көздері неғұрлым көп болса, оның әлемдік шикізат бағасына тәуелділігі соғұрлым төмендеп, сыртқы күйзелістерге төзімділігі артады. Сондықтан шикізаттық емес секторларды дамыту бүгінде экономикалық саясаттың ғана емес, елдің орнықтылығының да маңызды көрсеткіші болып отыр.
Саннан сапаға: инвестиция тартудың жаңа кезеңі
Ұзақ уақыт бойы Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде танылды. Мұнай, газ, уран және металл қоры елге өндіруші секторға тұрақты инвестиция тартуға мүмкіндік берді.
Қазір Қазақстан инвестициялық саясаттың жаңа кезеңіне қадам басты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басымдық инвестиция көлемінен олардың сапасына ауысты. Енді негізгі назар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірістерді жергіліктендіруге, жаңа технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарды құруға аударылып отыр.
Сарапшылар Қазақстанның үш басты артықшылығын атап көрсетеді. Біріншісі – Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде қарқынды дамып келе жатқан өңірлік нарыққа жол ашуы. Екіншісі – Қытай, Ресей, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын тиімді географиялық орналасуы. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық хабқа айналуына мүмкіндік береді. Үшіншісі – жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында да сақталып отырған макроэкономикалық тұрақтылық.
Жаңа инвестициялық саясат жекелеген жеңілдіктермен ғана шектелмейді. Инвестициялық штаб мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, әкімшілік кедергілерді жоюмен айналысады. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде сүйемелдейді.
Стратегиялық инвесторларға арналған инвестициялық келісімдер олардың құқықтары мен шарттарының 25 жылға дейін өзгеріссіз сақталуына кепілдік береді. 2026 жылдың ортасына қарай осындай 57 келісім жасалған.
Бұл жүйені инвесторлар, кәсіпкерлер және жоғары білікті мамандарға арналған Altyn Visa бағдарламасы толықтырады. Бағдарлама қатысушылары мемлекеттік және қаржылық қызметтерді пайдалануға, қосымша рұқсатсыз жұмыс істеуге, жеке мүлкін кедендік бажсыз әкелуге, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады.
Бүгінде мемлекеттер тек капитал үшін ғана емес, білім, технология және талантты мамандар үшін де бәсекеге түсуде. Қазақстан да осы бағыттағы жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Халықаралық рейтингтер сенімді нығайтады
Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялардың негізгі бөлігін тартатын ел мәртебесін сақтап келеді.
Инвесторлар үшін халықаралық рейтингтер елдің экономикалық тұрақтылығын, тәуекел деңгейін және ұзақ мерзімді инвестициялық ахуалын бағалаудың маңызды құралы саналады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның инвестициялық рейтингі үш жетекші халықаралық агенттік тарапынан расталған: Fitch Ratings – BBB, тұрақты болжам, S&P Global Ratings – BBB, оң болжам, Moody’s – Baa1, оң болжам.
Сарапшылардың пікірінше, жетекші рейтингтік агенттіктердің ұқсас бағасы ел экономикасы мен мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын көрсетеді.
Басқа халықаралық зерттеулер де оң өзгерістерді айғақтайды. IMD World Competitiveness Ranking рейтингінде Қазақстан 2023 жылғы 37-орыннан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 34-орынға көтерілді. Ал Global Peace Index рейтингінде ел 61-орыннан 56-орынға жоғарылады. Бұл халықаралық бизнес үшін ұзақ мерзімді тәуекелдердің азайғанын білдіреді.
Сонымен қатар Sustainable Development Report рейтингінде Қазақстан 169 елдің ішінде 67-орынға ие болды. Индекс экономикалық даму, білім, денсаулық сақтау, экология, мемлекеттік институттардың сапасы және халықтың әл-ауқаты сияқты 123 көрсеткіш бойынша бағалайды. Осы рейтингте Қазақстан Түркия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Африка сияқты бірқатар ірі дамушы елдерді басып озған.
Авторлардың айтуынша, рейтингтердің өзі түпкі мақсат емес. Олар елдің инвестициялық тартымдылығына тәуелсіз баға беріп, тәуекелдерді төмендетуге, капитал тарту құнын азайтуға және халықаралық компаниялардың жаңа жобаларға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі әлемдік экономикада сенім стратегиялық ресурсқа айналды. Дәл осы фактор капитал қозғалысына және экономиканың ұзақ мерзімді даму қарқынына елеулі ықпал етеді.
Бөлісу