Әке жолын жалғаған ұстаз: Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте 40 жыл еңбек еткен Шынар Сейітқызының ұстаздар әулеті
Бөлісу
«Ұстаз боламын». Шынар Сейітқызы бұл сөзді бала күнінде, небәрі бірінші сыныпта жүргенде-ақ жазған екен. Сол кездегі балалық арман жылдар өте келе өмірлік таңдауына айналды. Бүгінде білім саласында қырық жыл еңбек етіп келе жатқан Шынар Сейітқызы үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, әкеден жалғасқан өмірлік жол, деп хабарлайды SKO24.kz.
Оның әкесі Сейіт Темірханұлы Аққайың ауданындағы Аралағаш мектебінде қырық жылдан астам уақыт математика пәнінен сабақ берген. Ұстаздықпен қатар, мектептегі өнер жұмысына да белсене араласып, домбыра үйірмесін ұйымдастырған. Шәкірттерін түрлі байқаулар мен концерттерге қатыстырып, олардың өнерге деген қызығушылығын оятқан.
«Әкем бізге кішкентай кезімізден бастап білімге қызығушылықты қалыптастырды. Көбейту кестесін де, есеп шығаруды да ойын арқылы үйрететін. Шахмат, дойбы ойнайтынбыз. Есептерді жарысып шығаратынбыз», – деп еске алады Шынар Сейітқызы.
Әкесінің шәкірттері арасында пән олимпиадаларының жеңімпаздары да аз болмаған. Кейін сол шәкірттердің біразы ұстаздық жолды таңдаған. Бүгінде олардың арасында математика ғылымдарының докторлары атанып, Астана мен Алматыдағы ірі жоғары оқу орындарында еңбек етіп жүргендері де бар.

Сейіт Темірханұлы бүгінде тоқсан жаста. Соған қарамастан балалары үшін әкенің ақылы әлі де маңызды.
«Қазір бәріміздің өз отбасымыз, балаларымыз бар. Бірақ әкеміздің айтқан ақылын тыңдап, әр нәрсені ақылдасып отырамыз. Әкеміз біз үшін әлі де үлкен тірек», – дейді Шынар.
Сейіт Темірханұлы мен жұбайы жеті бала тәрбиелеп өсірді. Шынар – сол шаңырақтағы үш қыздың бірі. Үш қыздың үшеуі де білім саласын таңдаған. Ал төрт ұлы әскери салада қызмет етеді.
Шынардың өзі әкесінің жолын жалғап, ұстаздықты таңдады. Еңбек жолын туған жеріндегі Аралағаш орта мектебінен бастады. Кейін Петропавл қаласына келіп, Әбу Досмұхамбетов атындағы мектепте музыка пәнінен сабақ берді. Солтүстік Қазақстан университетінің музыка бөлімін тәмамдаған маман үшін бұл сала жүрегіне жақын еді.

Ал 2000 жылдан бері Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол музыка пәнінің мұғалімі болып қана қоймай, мектептің оқу-тәрбие жұмысына да белсене араласты. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, білім беру үдерісін ұйымдастыруға өз үлесін қосты.

Шынар Сейітқызының еңбек жолында өнердің орны ерекше. Әкесінің домбыраға деген ықыласын өзі де жалғастырып, мектепте домбыра және вокал ансамбльдерін ұйымдастырды.
«Музыка пәніне келгенде ең алдымен баланың қызығушылығын ояту керек. Домбыраны қолға алған баланың бойында жауапкершілік те, сахна мәдениеті де қалыптасады. Сондықтан балаларды тек сабақпен шектемей, түрлі байқауларға, концерттерге қатыстырып отырдым», – дейді ұстаз.
Оның шәкірттері арасында өнер жолын жалғастырғандар аз емес. Бірі консерваторияға түссе, енді бірі өнер оқу орындарын таңдаған. Кейбірі кәсіби әншілік жолға бет бұрған.
«Шәкірттерімнің жетістігін көргенде өз еңбегіңнің нәтижесін сезінесің. Бір кездері алдыңда отырған балаңның кейін үлкен сахнаға шыққанын көру – ұстаз үшін үлкен қуаныш», – дейді Шынар Сейітқызы.
Ұстаздық жолды таңдаған үлкен әпкесі Темірханова Жібек Сейітқызы да білім саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Ол Астанадағы Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжде тарих пәнінен сабақ береді. Оның білім саласындағы еңбек өтілі – 32 жыл.
Ал кенже сіңлісі Темірханова Құралай Сейітқызы музыка саласын таңдаған. Домбыра тартатын ол әр жылдары балабақшаларда, Әл-Фараби атындағы лицейде еңбек етіп, Астанадағы «Сұңқар» балабақшасында тәрбиеші қызметін атқарған. Оның педагогикалық саладағы еңбек өтілі – 20 жыл.
Осылайша әкеден басталған ұстаздық дәстүр үш қыздың өмірімен жалғасын тапты. Ал төрт ұл әскери саланы таңдап, өз бағыттарында еңбек етіп келеді.
Шынар Сейітқызы үшін әкесінің берген тәрбиесі мен көрсеткен өнегесі – бүгінгі ұстаздық жолының негізі.
«Әкеміздің бізге берген тәрбиесі – ең үлкен байлығымыз. Ол кісі бізді білімге, еңбекке, ізденуге үйретті. Қандай мамандық таңдасақ та, өз ісімізге адал болуды талап етті», – дейді ол.
Бүгінде қырық жылдық еңбек жолын артқа тастаған ұстаздың алдында әлі де шәкірттер бар. Әлі де домбыраның үні естіліп, әлі де бала арманына қанат бітіп келеді.
Бір кездері бірінші сыныпта «Ұстаз боламын» деп жазған қыз бүгінде сол арманына адал болып отыр. Әкесінің өнегесін жүрегіне сақтап, өзі де талай шәкіртке бағыт-бағдар берді.
Ұстаздық – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлағатты жол. Ал Шынар Сейітқызының өмірі – сол жолдың әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке жалғасқан жарқын бір көрінісі.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай сөзі осындайда еске түседі. Себебі ұстаз еңбегінің шынайы жемісі – шәкіртінің жетістігі, ал ең үлкен мұрасы – өзі қалыптастырған ізгі ұрпақ.
Бөлісу