«Мәтінмәннен жұлып алынған видео»: ҚР ТЖМ Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы дала өртіне қатысты пікір білдірді
Бөлісу
Жақында Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Қайрат ауылы маңында дала өрті орын алды. Өрт толықтай сөндірілді. Жалын шарпыған аумақтың көлемі 45 гектарды құрады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Алайда әлеуметтік желілерде өртті сөндіру тәсіліне қатысты түрлі ақпарат тарады. Кейбір қолданушылар өртті өрт сөндіру қызметінің көмегінсіз, жергілікті тұрғындар өз күштерімен, тіпті «шүберекпен» сөндіргенін жазған.
Осыған байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді.
ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев Қазақстан аумағы шамамен 2,8 миллион шаршы шақырымды құрайтынын, оның басым бөлігі дала алқаптары екенін айтты. Сондықтан әрбір дала аумағында өрт сөндіру бөлімшелерін орналастыру мүмкін емес. Оның айтуынша, Уәлиханов ауданындағы өрт ошағына ең жақын ТЖМ бөлімшесі 170 шақырым қашықтықта орналасқан.
Оның айтуынша, дала өрттерін сөндіру жұмыстары тек азаматтық қорғау органдарының ғана емес, басқа да мекемелердің қатысуымен жүргізіледі.
«Дала өрттерін сөндіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқанына қарамастан, ТЖМ бөлімшелері барлық табиғи өрттерді сөндіруге қатысады. Мұндай жағдайда ведомствоаралық өзара іс-қимыл, инженерлік техниканы пайдалану және жергілікті күштерді жұмылдыру сияқты кешенді тәсіл қолданылады», – деді Ерлан Төрегелдиев.
Оның айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттері ерекше рөл атқарады. Олар көбіне өрт орнына бірінші болып жетіп, негізгі күштер келгенге дейін өрттің таралуын тоқтатуға және оқшаулауға күш салады.
Комитет төрағасы 45 гектар аумақты 60 футбол алаңына теңеп, әлеуметтік желіде тараған қысқа бейнежазба оқиғаның толық көрінісін көрсетпейтінін айтты.
«45 гектар аумақты жай ғана шүберекпен сөндіру мүмкін емес. Дала және табиғи өрттердің таралуын тоқтатудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – тракторлардың көмегімен минералдандырылған жолақтар жасау. Сондықтан жекелеген бейнежазбалар атқарылған жұмыстың ауқымын және жұмылдырылған күштер мен техниканың нақты көлемін көрсете алмайды. Ең бастысы – адамдарды, елді мекендерді және аумақтарды өрттен қорғау», – деп қорытындылады Ерлан Төрегелдиев.
Бөлісу