Басты бет СҚО жаналықтары Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры Жібек Жамулдинова білім беру саласының негізгі міндеттерін атап өтті

Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры Жібек Жамулдинова білім беру саласының негізгі міндеттерін атап өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 59
cover

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында білім беру саласына қатысты көтерілген бастамалар педагогтерге жаңа міндеттер жүктейді. Ұстаз мәртебесін арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік жасау және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану – бүгінгі білім жүйесінің басты бағыттары. Бұл туралы Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры Жамулдинова Жібек Искенқызы пікір білдірді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Мектеп басшысының айтуынша, ең алдымен, педагог мәртебесін нығайту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Ұстаз мәртебесін қорғауға бағытталған заң қабылданғанымен, қоғамда мұғалім мен ата-ана, оқушы арасындағы өзара түсіністікке қатысты түйткілдер әлі де кездеседі.

«Ұстаздың еңбегін бағалау – тек мектептің немесе білім саласының ғана міндеті емес. Бұл мәселеге бүкіл қоғам жауапкершілікпен қарауы керек. Оқушы да, ата-ана да мұғалімнің мәртебесін құрметтеп, оның еңбегіне түсіністікпен қарауы маңызды», – дейді Жібек Искенқызы.

Сондай-ақ білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – инклюзивті білім беруді дамыту. Спикердің келтірген мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 273 мыңнан астам бала білім алады. Сондықтан олардың өзге оқушылармен тең дәрежеде білім алып, қоғамдық ортаға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау қажет.

Бұл ретте педагогтердің жауапкершілігі де ерекше. Әр балаға жеке көзқараспен қарап, оның қажеттілігіне сәйкес қолдау көрсету, білім алуына және мектеп өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру маңызды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамнан оқшауламай, керісінше, ортаға еркін араласуына жағдай жасау – инклюзивті білім берудің негізгі қағидаты.

Тағы бір өзекті мәселе – білім беру саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу. Жаңа платформалардың көбеюі оқу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік бергенімен, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін арттырып, қағазбастылыққа әкелмеуі тиіс.

Мектеп директорының пікірінше, педагогтерді негізсіз есептер мен артық құжат толтыруға міндеттеуге жол бермеу керек. Әкімшілік тарапынан мұғалімдердің уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың басты назарын білім сапасы мен оқушы тәрбиесіне аударуға мүмкіндік жасалуы қажет.

Сонымен қатар жасанды интеллектіні тек дайын жауап алудың құралы ретінде емес, білім беру үдерісін жетілдіретін тиімді технология ретінде қолдану маңызды. Ол үшін ұстаздар мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, жаңа платформаларды орынды әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету қажет.

Жібек Искенқызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуде де жеке қолдаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай оқушыларды өзгелерден бөліп-жармай, қажеттіліктеріне сай тапсырмалар ұсынып, түрлі байқаулар мен мектепішілік іс-шараларға қатысуына қолдау көрсету керек.

Жалпы, білім беру саласының дамуы тек жаңа технологиялар мен бағдарламаларға ғана емес, ең алдымен, ұстазға деген құрметке, әр балаға жасалған тең мүмкіндікке және қоғамның ортақ жауапкершілігіне байланысты. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызды негізі болмақ.

Бөлісу