Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған республикалық тілшілер форумы өтті
Бөлісу
Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – ғылым мен білімнің тұғыры» республикалық тілшілер форумы Солтүстік Қазақстан облысында өтті. Ауқымды шараға облыстың аудандары мен Петропавл қаласынан 250-ден астам педагог қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.

Форумның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің ғылым мен білім саласындағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін оқытудың заманауи әдістерін таныстыру, озық тәжірибемен бөлісу және педагогтердің кәсіби байланысын нығайту.

Шара басталар алдында қатысушылар «Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мемлекеттік тілді оқытудың жаңа мүмкіндіктері» атты көрмемен танысты. Көрмеде педагогтердің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалана отырып әзірлеген әдістемелік жұмыстары ұсынылды.
Форум барысында білім беру саласында цифрлық технологияларды тиімді қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды. Соның бірі – «Полилингвалды цифрлық рюкзак» жобасы.
Жобаны Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Бақыт Мусин таныстырды. Оның айтуынша, цифрлық ресурс студенттердің қазақ тілін өз бетімен меңгеруіне мүмкіндік береді.
«Полилингвалды цифрлық рюкзак» бірнеше бөлімнен тұрады. Оның ішінде оқу-әдістемелік кешендер, зиялы қауым өкілдері туралы бейнематериалдар және ойын түріндегі тапсырмалар бар. Студент қандай да бір себеппен сабаққа қатыса алмаған жағдайда, платформа арқылы сабақты қашықтан өздігінен жалғастыра алады.
Оқу-әдістемелік кешендерде түрлі тапсырмалар беріліп, әр тапсырманың өз дескрипторы қарастырылған. Студент тапсырмаларды орындау арқылы балл жинап, өзінің тіл үйрену деңгейін бақылай алады. Ал ойын түріндегі тапсырмалар оқу процесін қызықты әрі интерактивті етуге бағытталған.
Платформада Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді қазақтың көрнекті тұлғалары туралы бейнематериалдар да қамтылған. Сонымен қатар ресурс үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.

«Мысалы, Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты зиялы қауым өкілдерінің шығармашылығы мен өмірі туралы тақырып өтетін болса, студенттер бейнематериалдар арқылы сол тұлғалар туралы қосымша ақпаратпен өздігінен таныса алады», – дейді Бақыт Мусин.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – оны оқытушылар мен студенттердің бірлесіп әзірлеуі. Бүгінде Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің төртінші курс студенттері педагогикалық практика кезінде осы цифрлық ресурсты мектептерде пайдаланып жүр. Оқушылар да сабақ барысында платформаны қызығушылықпен қолданады.
Форумның мазмұнды бөлігі «Ойталқы» алаңында TED форматында жалғасты. Мұнда қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелері, цифрлық коммуникациялар, тілдің қоғамдағы сұранысын арттыру және білім берудің заманауи тәсілдері талқыланды.
Практикалық бөлім Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте жалғасты. Мұнда қатысушылар төрт секция бойынша тәжірибе алмасты. Секциялық отырыстарда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды мемлекеттік тілді оқытуда тиімді пайдалану, тілдік дағдыларды дамыту, оқырман сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың заманауи тәсілдері қарастырылды.
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілді оқытуда цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану тәжірибесі таныстырылды.
Форум аясында тіл мен білім саласына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі де өтті. Оларға облыстық және ведомстволық наградалар табысталып, тіл саясаты саласындағы еңбегі үшін арнайы төсбелгілер берілді.
Республикалық тілшілер форумы ғылым, білім, медиа және цифрлық технология өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Шара барысында мемлекеттік тілді оқытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланып, заманауи әдістер мен озық тәжірибелер ортаға салынды.
Бөлісу