Петропавлда мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері талқыланды
Бөлісу
Петропавлда «Тіл – бірлік пен үйлесім негізі: жаңа дәуірдегі тіл саясаты» атты республикалық семинар өтті. Жиында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тіл саласына енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға еліміздің облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан жауапты мамандар, ғалымдар мен тіл саясаты саласының сарапшылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Тіл саясатын іске асыру және тіл заңнамасының орындалуын бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Рахимжановтың айтуынша, семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың өзекті бағыттарын талқылау.

«Бүгінгі семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тілді цифрландыру мәселелерімен қатар, оны жасанды интеллектке кіріктіру бағыттарын талқылау», – деді Қайыржан Рахимжанов.
Семинар барысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Аталған құжат мемлекеттік тіл саясатын ұзақ мерзімді перспективада жүзеге асыруға бағытталған.
Спикердің мәліметінше, тұжырымдамада нысаналы индикаторлар мен 70-тен астам іс-шара қарастырылған. Олардың бірқатары жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, Қазақстан халқының тілдері күнін өткізу, терминологияны дамыту, қазақ тіліндегі энциклопедиялық ресурстарды жетілдіру және тілді цифрландыру бағыттары қамтылған. Бұл жұмыстарды өңірлік әкімдіктер министрлікпен және Тіл саясаты комитетімен бірлесіп атқарады.
Жиында қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта түрлі салалар автоматтандыру мен цифрландыруға көшіп жатқандықтан, тіл саласының да заман талабына сай дамуы маңызды.
«Қазір басқа саланың бәрін автоматтандыру мен цифрландыруға көшіп жатыр ғой. Біз де тіл саласында бір орында тұрып қалған жоқпыз. Біз де қоғаммен бірге тілді цифрландыру барысында әртүрлі IT-жобаларды іске қосып жатырмыз», – деді Қайыржан Рахимжанов.
Оның айтуынша, қазақ тілінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында Emle.kz, Atau.kz, «Сөздік қор» және «Тіл-қазына» секілді жобалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар сөзді дыбысқа айналдыру сияқты технологиялар да тілдік ресурстарды заманауи форматта пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыстарды «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырып жатыр. Семинарға Назарбаев Университеті мен Атырау университетінің ғалымдары және басқа да білікті мамандар қатысып, қазақ тілін цифрландыру мен жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Петропавлда өткен республикалық семинар мемлекеттік тіл саясатының өзекті бағыттарын талқылап, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Жиында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, цифрлық ресурстарды дамыту және мемлекеттік тілді заманауи технологиялармен ұштастыру мәселелері қарастырылды.
Бөлісу