Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда «Қос аңыз кубогі: Заң мен Тәртіп – елдің тірегі» облыстық дебат турнирі өтті

Петропавлда «Қос аңыз кубогі: Заң мен Тәртіп – елдің тірегі» облыстық дебат турнирі өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 3
cover

Петропавл қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 9 орта мектепте Республика күніне орай мектеп директорлары мен жас педагогтер арасында «Қос аңыз кубогі: Заң мен Тәртіп – елдің тірегі» атты облыстық дебат турнирі өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Аталған іс-шараны Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Әдістемелік орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған турнир педагогтер арасында пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және кәсіби көшбасшылық қасиеттерді жетілдіруге бағытталған дәстүрлі алаңға айналды.

Биылғы турнирге Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарынан барлығы 30 команда, яғни 60 қатысушы қатысты. Оның ішінде 14 команда қазақ лигасында, 16 команда орыс лигасында бақ сынады. Өткен жылы турнирге 22 команда қатысқан болатын. Бұл дебат қозғалысына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Турнир Америкалық парламенттік формат (АПФ) бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар өз ұстанымдарын дәлелдер мен дәйектер арқылы қорғап, қарсы тараптың пікіріне уәж келтіру және мәселені жан-жақты талдау қабілеттерін көрсетті. Төрешілік қызметті өңірдегі тәжірибелі дебатерлер атқарып, ойындардың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті.

Іс-шараның басты мақсаты – педагогтердің сыни ойлауын, коммуникативтік дағдыларын және кәсіби белсенділігін арттыру, сондай-ақ дебат қозғалысын кәсіби даму мен педагогикалық қарым-қатынастың тиімді құралы ретінде кеңінен насихаттау.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубоктармен және дипломдармен марапатталады. Марапаттау рәсімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында өтетін «Болашақтың білімі: жаңа сын-қатерлер – жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық семинар аясында ұйымдастырылады.

Осындай интеллектуалдық сайыстар педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтеуге, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және ашық пікір алмасу мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Бөлісу