Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті

Петропавлда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 11
cover

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Петропавл қаласының прокуратурасы Петропавл қаласы полиция басқармасымен бірлесіп Мещан орманында ауқымды сенбілік ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру, деп хабарлайды SKO24.kz.

Сенбілікке әкімшілік жаза ретінде қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтар, еріктілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және прокуратура өкілдері белсенді қатысты. Қатысушылар орман аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жиналған қоқысты арнайы орындарға шығарды. Мұндай шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға ғана емес, табиғатты қорғау ісіне қоғамның назарын аударуға да ықпал етеді.

Петропавл қаласының прокуратурасы қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін еске салады. Қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, табиғатты ластамау және абаттандыру қағидаларын сақтау – әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.

Осыған байланысты прокуратура Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарын түсіндіреді. Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 40 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жаза қолданылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес, абаттандыру қағидаларын бұзу, елді мекендердің инфрақұрылымын бүлдіру немесе санитариялық талаптарды сақтамау ескерту жасауға не 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

«Таза Қазақстан» – бұл тек экологиялық акция ғана емес, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, қоғамдық мәдениетті және азаматтық жауапкершілікті дәріптейтін жалпыұлттық бастама. Таза әрі көрікті қала қалыптастыру әрбір тұрғынның күнделікті іс-әрекетінен басталады. Әр адам табиғатты қорғауға өз үлесін қосса, қоршаған ортамыздың тазалығы сақталып, келер ұрпаққа жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалдыруға мүмкіндік туады. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, туған өлкеміздің көркеюіне нақты үлес қоса аламыз.

Бөлісу