Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда құқықтық сауаттылықты арттыру және патриоттық құндылықтарды нығайту мақсатында «Менің Республикам – менің мақтанышым!» атты квест-викторина өтті

Петропавлда құқықтық сауаттылықты арттыру және патриоттық құндылықтарды нығайту мақсатында «Менің Республикам – менің мақтанышым!» атты квест-викторина өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 15
cover

Қазақстан Республикасының Республика күніне орай Петропавл қаласында «Менің Республикам – менің мақтанышым!» атты квест-викторина ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар ел тарихы мен заңнамасы бойынша білімдерін тексеріп, мемлекеттік рәміздер мен құқықтық құрылым негіздеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Іс-шара Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Іс-шараны Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Квест-викторинаның мақсаты – қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық құндылықтарды нығайту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихы мен заңнамасы туралы білімдерін кеңейту. Зияткерлік сайысқа төрт команда қатысты.

«Бүгінгі іс-шарамызға Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесінің мүшелері, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері, СҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері, кітапхана қызметкерлері мен жастар қатысуда. Қатысушылар өздерінің эрудициясын, командалық ауызбіршілігін, тарих, заңнама және қазіргі мемлекеттік саясат саласындағы білімдерін көрсетуі тиіс», – деді Петропавл қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Дамир Абдин.

Кездесуге қатысушылардың бірі – СҚО ПД есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесінің мүшесі Елизавета Махначева. Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылық мәселелеріне назар аударып, «Заң мен Тәртіп» қағидатының күнделікті өмірдегі маңызын еске салуға көмектеседі.

«Менің ойымша, мұндай іс-шаралар өте қажет, өйткені олар маңызды тақырыптарды қамтиды. Қазіргі таңда «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы өте өзекті. Біз де осы бағытта түрлі іс-шаралар өткізіп, адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосып келеміз. Әртүрлі акциялар ұйымдастырамыз, есірткі жарнамасы бар граффитилерді бояп өшіреміз, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінгі іс-шара маған ұнады, өте қызықты болды», – деп бөлісті ол.

Викторина сұрақтары Қазақстан тарихын, мемлекеттік рәміздерді және құқықтық тақырыптарды қамтыды. Мәселен, қатысушылардан елімізде қанша этнос тұратынын еске түсіру, сондай-ақ дене жарақатын келтіргені үшін қолданылатын жаза шаралары туралы сұрақтарға жауап беру талап етілді. Сайыста табысты өнер көрсету үшін командаларға тек білім мен эрудиция ғана емес, сонымен қатар ұйымшылдық пен бірлесе жұмыс істеу қабілетін де көрсету қажет болды.

Квест-викторинаның қорытындысы бойынша қатысушыларға грамоталар, кубоктар және естелік сыйлықтар табысталды.

Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығы осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Жыл басынан бері «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында мамандар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған 190 іс-шара ұйымдастырды.

Бөлісу