Петропавлдағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 мектептің ұстазы Гүлнұр Елубай: анасының ұстаздық жолын жалғаған
Бөлісу
Ұстаздықты мамандық қана емес, өмірлік мұрат деп қабылдаған жандардың бірі – Петропавл қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елубай Гүлнұр Амантайқызы. Оның ұстаздық жолы кездейсоқ таңдалған кәсіп емес. Бұл – анадан балаға жалғасқан, бір әулеттің өмірлік ұстанымына айналған жол, деп хабарлайды SKO24.kz.
Бұл әулеттің ұстаздық шежіресі отанасы Зураш Сейтенова Байдолқызынан бастау алады. Зураш Байдолқызы 45 жыл бойы Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында математика пәнінен сабақ беріп, саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнады. Оның еңбекқорлығы мен шәкіртке деген шексіз махаббаты балаларына өмірлік бағдар болды.

Қырық бес жыл – бір ғана еңбек жолының ұзақтығы емес, талай шәкірттің тағдырымен астасқан тұтас ғұмыр. Гүлнұр Амантайқызы анасының ұстаздық еңбегін бала күнінен көріп өсті. Үйге дәптер арқалап келетін анасының жұмыс күні мектепте аяқталмайтын. Оның шәкірттері үйге гүл шоғын көтеріп келіп, алғысын білдіретін. Көшеде кездескенде бұрынғы оқушылары әлі күнге дейін ұстазына иіліп сәлем береді.
«Мен үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, бұл – өмір сүру салты. 45 жыл бойы бір мектептің табалдырығын тоздырған анам үшін сабақ аяқталмайтын. Ол үйге дәптер көтеріп келетін, бірақ сол дәптермен бірге әр шәкіртінің тағдырын да ала келетін. 45 жыл деген – бір адамның ғұмыры емес, жүздеген тағдырдың тарихы. Менің мамандық таңдауым кездейсоқ емес, саналы түрде анамның жолын жалғау болды. Себебі мен бақытты адамның үлгісін күнде көз алдымда көрдім», – дейді Гүлнұр Амантайқызы.
Анасының жолын жалғаған жалғыз Гүлнұр емес. Бүгінде бір ұл, үш қыз – төртеуі де білім саласында еңбек етіп келеді. Үйдің үлкен қызы Гүлшат Амантайқызы Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Білім саласындағы еңбек өтілі – 31 жыл.
Ортаншы қыз Гүлназ Амантайқызы 26 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Қазіргі таңда Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында бастауыш сынып оқушыларының сауатын ашып, білім беруде.
Отбасының ұлы Данияр Амантайұлы Петропавл қаласындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда 24 жыл бойы дене шынықтыру пәнінен дәріс беріп келеді. Ал кенже қыз Гүлнұр Амантайқызы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жүргеніне 19 жыл толды.
Осылайша, бір отбасының төрт баласы да анасының жолын таңдаған. Әулеттің педагогика саласындағы жалпы еңбек өтілі 145 жылды құрайды.
Мұндай таңдау отбасында ешқашан міндет болған емес. Балаларға «мұғалім болыңдар» деп ешкім талап қоймаған. Алайда күнделікті өмірдің өзі оларды осы мамандыққа баулыды. Үйде кітаптың иісі, білімнің үні қатар жүрді. Ата-аналарының басты ұстанымы «адам бол» деген қағидаға негізделді. «Баға қумаңдар, білім қуыңдар» деген сөз де балаларының есінде қалды. Кешкі аста төрт бала мектептегі жаңалықтарын айтып, анасы әрқайсысын мұқият тыңдайтын.
«Бізді ешкім “мұғалім бол” деп мәжбүрлеген жоқ. Бізді анам сөзімен емес, ісімен тәрбиеледі. Үйімізде үнемі кітаптың иісі, білімнің үні тұрды. Ата-анамыздың ең үлкен тәрбиесі – “адам бол” деген қағидасы. Олар “баға қумаңдар, білім қуыңдар” дейтін. Анам бізге ұстаз – екі есе жауапты адам екенін үйретті. Бір отбасынан төрт мұғалім шығуының сыры – үйдегі еңбекқорлық пен мейірімнің мектебі. Біз анамнан білім беру – ең сауапты іс екенін үйрендік», – дейді ол.
Ұстаздық жолында Гүлнұр Амантайқызы үшін әр шәкірттің тағдыры маңызды. Оның есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – жалғызбасты анасының қолында тәрбиеленіп жатқан тұйық мінезді ұл баламен байланысты.
Әке мейірімін көрмеген бала анасының күнделікті түскі асқа деп беретін аз ғана ақшасын тамаққа жұмсамай, сабақтан кейін ойын автоматтарына апарып жүрген. Мұны байқаған мұғалім оны бірнеше рет ойын автоматтарының алдынан алып шыққан. Бірақ баланы ұрысып-зекіп емес, сөйлесу арқылы дұрыс жолға салуға тырысқан. Оған анасының еңбегін түсіндіріп, жүрегіне жетуге ұмтылған.
Жылдар өте сол шәкірттің өмірі де өзгереді. Бүгінде ол полиция қызметінде жұмыс істеп жүрген азамат. Ұстазын көргенде әлі күнге дейін тоқтап, қолын алып, алғысын білдіреді. Жақында болған кездесуде бұрынғы шәкірті ұстазына сол кездегі жағдайды еске алып, егер оны ойынханадан алып шықпағанда, қазіргі өмірі қандай боларын білмейтінін айтып, ризашылығын білдірген.
«Міне, мұғалім еңбегінің жемісі деген осы. Бір баланы дұрыс жолға салу арқылы бір отбасын, тіпті бір қоғамды құтқарғандай боласың. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді ұстаз.
Гүлнұр Амантайқызы үшін бұл оқиға ұстаз еңбегінің мәнін айқын көрсетеді. Себебі мұғалімнің жұмысы сабақ уақытынан немесе қойылған бағадан ғана тұрмайды. Кейде айтылған бір сөз, көрсетілген бір қамқорлық баланың өміріндегі маңызды шешімге себеп болуы мүмкін.
Ұстаздың кәсіби ұстанымдарының қалыптасуына анасының өсиеттері де ықпал етті. Зураш Байдолқызынан қалған екі сөзді Гүлнұр Амантайқызы өзі де жас ұстаздарға жиі айтады. Оның бірі – «Баланы емес, алдымен өзіңді тәрбиеле. Шәкірт саған қарап өседі». Екіншісі – «Тақта алдында тұрып ешқашан шаршадым деме. Себебі сенің шаршағаныңды бала жүрегі бірден сезіп қалады».
Бүгінде білім беру саласы өзгеріп, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Алайда ұстаздың балаға деген адамдық қарым-қатынасы, мейірімі мен жылы сөзі өзгермейді деген сенім бар.
Оның айтуынша, ұстаздық – әулет үшін жай ғана кәсіп емес, өмірлік мұрат пен қасиетті аманат. Бір кездері Жаңажол ауылында 45 жыл бойы шәкірт тәрбиелеген Зураш Сейтенова Байдолқызының еңбегі бүгінде балаларының кәсіби жолында жалғасып келеді.

Ал бір әулеттің педагогика саласындағы 145 жылдық жалпы еңбек өтілі – осы сабақтастықтың нақты көрінісі. Анадан басталған жолды төрт бала жалғады. Ендігі үміт – кейінгі ұрпақта. Ұстаздықтың жүрекпен жалғасатын дәстүрі осылайша әлі де жалғасын табуы мүмкін.
Бөлісу