Басты бет Петропавл жаңалықтары Ұрпақтан ұрпаққа: Петропавлда кәсіподақ қозғалысы ардагерлері аллеясына жаңа шыршалар отырғызылды

Ұрпақтан ұрпаққа: Петропавлда кәсіподақ қозғалысы ардагерлері аллеясына жаңа шыршалар отырғызылды

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 5
cover

Петропавл қаласындағы мәдениет және демалыс саябағында Кәсіподақ қозғалысы ардагерлері аллеясына дәстүрлі түрде шырша отырғызу акциясы өтті. Іс-шара Қазақстанның Кәсіподақтар күніне орай ұйымдастырылды. Биыл жасыл аймаққа онға жуық жас ағаш отырғызылды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Жыл сайын өңірдегі кәсіподақ қозғалысының өкілдері кәсіби мереке қарсаңында саябаққа жиналып, ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғастырады. Бүгінде Ардагерлер аллеясында 167 сібір шыршасы бар. Аллея жыл сайын кеңейіп келеді.

Ағаш отырғызу акциясына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Ол кәсіподақ қозғалысы өкілдерінің қоғамды дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті.

«Олардың әрқайсысы қоғамдық қатынастарды дамытуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, еңбегі арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде. Ардагерлер аллеясының жанындағы саябақта бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Ардагерлер қаламыздың көркеюіне жақсы үлгі көрсетіп отыр. Бұл игі дәстүр жыл сайын жалғасын табуы тиіс», – деді Марат Тасмағанбетов.

Акцияға қатысушылардың бірі – ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдан астам еңбек еткен Мұрат Қаражұманов. Ол құрамында 30-дан астам адам бар, жалпы еңбек өтілі 600 жылды құрайтын еңбек әулетінің өкілі. Сондай-ақ ол өңірдегі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының әлеуметтік серіктесі.

Оның айтуынша, мұндай бастамалар қаланы абаттандыру үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды.

«Бүгін біз осы жерге көшеттер отырғыздық. Кейін біздің еңбегіміздің нәтижесін жас ұрпақ көретін болады. Балаларымыз қаланың көгалдандырылып, аллеяның абаттандырылғанын көргенде қуанып, бізді еске алатын болады. Әрбір еңбек адамы мен ардагер үшін бұл – маңызды бастама», – деді Мұрат Қаражұманов.

Алдағы уақытта Ардагерлер аллеясын кеңейтіп, жаңа көшеттермен толықтыру жоспарланып отыр. Бұл бастама аға буын өкілдерінің есімін ұлықтап, Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге алғыс білдіруге бағытталған.

Бөлісу