«Құрылтай депутаттарының сайлауында белсенді азаматтық ұстаным таныту қажет», – дейді солтүстікқазақстандық Сәуле Сүлейменова
Бөлісу
Құрылтай депутаттарының сайлауына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Бұл – Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси оқиға. Солтүстік Қазақстан облысындағы «Конфессияаралық және этносаралық қатынастарды зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, философия ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Сәуле Сүлейменова дәл осы шешуші кезеңде әрбір қазақстандық азаматтық жауапкершілік танытып, ел болашағы үшін саналы таңдау жасауы тиіс деп есептейді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Алдағы сайлаудың маңызына тоқталған Сәуле Сүлейменова қазіргі Қазақстан ауқымды әрі терең саяси жаңғыру жолымен сенімді қадам басып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістердің табысты болуы ең алдымен азаматтардың белсенділігі мен қоғамдық өмірге бейжай қарамауына байланысты.
«Кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – күшті азаматтық қоғам. Азаматтық қоғам шешім қабылдау үдерісіне неғұрлым белсенді қатысқан сайын, мемлекеттік институттарға деген сенім де, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігі де арта түседі. Жаңа саяси жүйе жағдайында мемлекет пен қоғам арасындағы диалог билік, азаматтық қоғам және бизнес арасындағы тең құқықты әріптестікке негізделуі тиіс», – деді ол.
Саяси жүйенің жаңаруы жағдайында билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілуде. Сәуле Қалкенқызының пікірінше, алдағы сайлау – елдің келешек даму бағытын айқындайтын маңызды кезең, өйткені әрбір азаматтың дауысы үлкен мәнге ие.
«Осы тұрғыда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтық сектордың, әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен жауапкершілігі айтарлықтай артып отыр. Бүгінде дәл осы ұйымдар халықты әлеуметтік қорғау, экологиялық қауіпсіздік, балалардың құқықтарын қорғау, инклюзияны дамыту, әйелдер мен жастарды жан-жақты қолдау, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту сияқты маңызды мәселелерді көтеруде. Бұл – мемлекет халықтың үнін естіп қана қоймай, онымен тиімді өзара іс-қимыл жасайтын жаңа саяси мәдениеттің көрінісі. Құрылтай қоғамның нақты сұраныстарына сүйене отырып, тең құқықты әріптестік негізінде шешім қабылдауы тиіс. Ал әрбір азаматтың міндеті – белсенді азаматтық ұстаным танытып, саналы таңдау жасау», – деп түйіндеді Сәуле Сүлейменова.
Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Кеше елімізде ресми түрде сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Ол 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Бөлісу