Сайлауалды науқанда басты назар – еңбек адамы: партиялар мұғалімдерге, дәрігерлерге және өндіріс қызметкерлеріне не ұсынады?
Бөлісу
Кеше партиялар сайлаушылармен мектептерде, ауруханаларда, өндіріс орындарында және ауылдық елді мекендерде кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Көтерілген тақырыптар әртүрлі болғанымен, олардың бәрін біріктірген ортақ өзек – еңбек адамы, оның күнделікті тұрмысы мен кәсіби мәселелері болды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Көкшетау – болашақ қалалар туралы
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті. Көкшетаулықтар өңірдің дамуына қатысты бірқатар ұсыныс айтып, кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу, колледждерге жасанды интеллект технологияларын енгізу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігін көтерді.
Өңірдегі жұмыс аясында партия спортшылармен, жаттықтырушылармен, өнеркәсіп кәсіпорнының ұжымымен, сондай-ақ туризм және шипажай-курорт саласының өкілдерімен де кездесті. Басқосуларда спорт пен туризмді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, фермерлерге жағдай жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелері талқыланды.
Кездесулердің бірінде Ақмола облыстық олимпиадалық резервті даярлау орталығының әдіскері Екатерина Круглик балалардың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін спорт секцияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Мектеп – реформаның бастауы
ЖСДП білім беру жүйесіне арналған арнайы конференция өткізіп, елдің болашағы сапалы мектептен басталатынын атап өтті. Жиында депутаттыққа кандидаттар, педагогтер мен сарапшылар білім сапасы, кадр тапшылығы, мектеп инфрақұрылымы және мұғалімдерді қолдау мәселелерін талқылады.
Қатысушылардың ортақ пікірі бір арнаға тоғысты: мектепте жүйелі реформалар жүргізілмейінше, елдің бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын.
Сол күні білім беру тақырыбына қатысты өз ұстанымын Respublica партиясы да білдірді. Кандидат Нұргүл Тау Қазақстан халық партиясының PISA нәтижесі төмен мектептерге айыппұл салу туралы ұсынысын сынға алып, мұндай тәсіл мәселені шешуден гөрі кінәліні іздеуге көбірек ұқсайтынын айтты.
Оның пікірінше, ауыл мектептері мен қала мектептерінің мүмкіндіктері бірдей емес. Сондықтан олардан бірдей нәтиже талап ету әділетсіз, ал мұғалімдерді жазалау жүйедегі түйткілдерді шешпейді. Respublica білім беру ортасын дамыту мен педагогтерді қолдау әлдеқайда тиімді жол деп санайды.
Экология – дәрігерлер көзімен
«Байтақ» партиясы үшін экология мәселесі халық денсаулығымен тығыз байланысты. Осы ұстаным аясында кандидат Таир Сағымбаев Ақтаудағы №2 қалалық емхананың ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында медицина саласының жай-күйі, өңірдің экологиялық қауіпсіздігі және пациенттерді әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Партияның пікірінше, нақты шешімдер күн сайын халықпен жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып қабылдануы тиіс.
Тарихи жады – саяси күн тәртібінде
Қазақстан халық партиясы тарихи жады тақырыбына назар аударып, іздестіру жұмыстарын, архивтік зерттеулерді және патриоттық жобаларды қолдау мақсатында «Мемориалдық аймақ» бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бұл бастаманың өзі үшін де ерекше мәні бар екенін айтып, ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткен деп саналған арғы атасының жерленген орны кейін іздестіру жұмыстарының нәтижесінде анықталғанын жеткізді.
Партияның пікірінше, тарихи шындықты сақтау мен ата-баба ерлігін ұлықтау – ұлттық жадының маңызды бөлігі.
Кеншілер өлкесіндегі кездесулер
Қостанай облысына «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов барып, еңбек ұжымдарымен, партия белсенділерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Басқосуларда агроөнеркәсіп кешенін дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері сөз болды.
Сапар барысында Айтуғанов өзінің еңбек жолы басталған «Қазпошта» ұжымымен де жүздесті. Іссапар жастар волонтерлерімен бірге өткен үгіт-насихат акциясымен аяқталды.
Осы уақытта «Ақ жол» партиясының төрайымы Дәния Еспаева Қарағандыда болып, «Seven Refractories Asia» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесу барысында отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясаты және өнеркәсіптің даму перспективалары талқыланды.
Соңғы күндері бірнеше партияның Жезқазған мен Қарағанды өңіріне ерекше назар аударуы кездейсоқ емес. Бұл аймақтар – өндіріс пен еңбек адамының символына айналған өңірлер. Бағдарламалары әртүрлі болғанымен, еңбекке құрмет көрсету мәселесі көптеген партиялардың күн тәртібінде ортақ тақырып ретінде көрініс табуда.
Жезқазғандағы пікірталас
Respublica партиясы Жезқазғанда жақтастарының форумын өткізіп, онда өңірдің өнеркәсібі, жол инфрақұрылымы, медицинасы және білім беру жүйесі талқыланды.
Дегенмен, көпшіліктің назарын бағдарламалық ұсыныстардан гөрі Мейір Алпысовтың «Ақ жол» партиясының сынына берген жауабы аударды.
Ол мемлекет азаматтарын алдын ала заң бұзушы немесе жемқор ретінде қабылдамауы керек екенін айтып, шетелде табыс тауып жүрген қазақстандықтардың қаржысын ел экономикасына инвестициялауға мүмкіндік беретін жағдай жасау қажет екенін жеткізді.
Осылайша, бір күннің ішінде сайлауалды науқанда екі негізгі пікірталас айқын көрінді. Бірі – мектептердің PISA нәтижесіне байланысты жауапкершілік мәселесі болса, екіншісі – шетелде жұмыс істейтін немесе бизнес жүргізетін қазақстандықтарға деген мемлекеттік көзқарас төңірегінде өрбіді. Сайлау күні жақындаған сайын партиялар арасындағы пікірталас мазмұнды бола түсіп, олардың бағдарламаларының айырмашылығы да айқынырақ байқала бастады.
Бөлісу