СКО-да балалардың жол қауіпсіздігіне арналған акция өтті
Бөлісу
2026 жылғы 20 қарашада облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласында «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету, құқық бұзушылық деңгейін төмендету жөніндегі өңірлік Жол картасын, сондай-ақ «Саналы ұрпақ», «Айқын нәтиже» және «Қауіпсіз қала» жобаларын іске асыру аясында «Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі» атты кезекті акция өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Акция полиция және білім беру органдарының ұйымдастыруымен мектептерде ата-аналар комитеттерінің өкілдерімен және оқушылармен кездесулер форматында өтті. Іс-шараға Zoom платформасы арқылы қосылғандарды қоса алғанда, 2500-ден астам адам қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және мектеп оқушыларының жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру.
Ата-аналарға балаларының жол қозғалысы ережелерін сақтауын қадағалау қажеттілігі және қауіпсіздік мәселесінде жеке үлгі көрсетудің маңыздылығы түсіндірілді.
Кездесулер барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг, балаларды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту, сондай-ақ бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналардың жауапкершілігі мәселелері де талқыланды.

Мектеп оқушылары үшін практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Онда нақты мысалдар арқылы балаларға жолды дұрыс әрі қауіпсіз кесіп өту, жол жағдайын бағалау және қауіпті жағдайлардан сақтану жолдары көрсетілді.
М. Жұмабаев ауданында қысқы кезеңге дайындық аясында мектеп автобустары қосымша тексеріліп, үлгілі жүргізушілерге грамоталар табысталды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі мемлекеттік органдардың, ата-аналардың және барлық жол қозғалысына қатысушылардың тұрақты назарында болуы тиіс.
Бөлісу