Басты бет СҚО жаналықтары СКО-да «Құқықтық дәріхана» акциясына 138 тұрғын жүгінді

СКО-да «Құқықтық дәріхана» акциясына 138 тұрғын жүгінді

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 15
cover

1 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Шара Петропавл қаласында және облыстың 13 аудан орталығында ұйымдастырылды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Акция барысында облыс тұрғындары алдын ала жазылмай-ақ прокурорларға өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша жүгініп, тиісті түсініктемелер мен заңнамалық кеңес алды.

Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны банк картасынан өзі жасамаған сатып алуға байланысты қаражаттың ұсталып қалуына қатысты көмек сұрады. Прокуратура қызметкерлері мәселенің мән-жайын анықтауға жәрдемдесті.

Айыртау ауданының тұрғыны қайтыс болған туысының міндеттемелері мен қарыздарын өтеу тәртібі жөнінде кеңес алды. Прокурорлар ықтимал құқықтық салдарларды түсіндіріп, әрі қарай қандай тәртіппен жүгіну керектігін айтып берді.

Уәлиханов ауданында тұрғын республикалық маңызы бар Көкшетау–Кішкенекөл автожолындағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарына қатысты мәселе көтерді. Өтініш бақылауға алынды.

Ғабит Мүсірепов ауданында аудан тұрғыны мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегіне қайта енгізу мәселесі бойынша жүгінді. Прокурорлар кезектен шығарылу себептерін тексеріп, нәтижесінде азаматтың құқықтарын қалпына келтірді.

Ал Жамбыл ауданында Благовещенка ауылындағы көшелерді жарықтандыру мәселесі көтерілді. Өтініш қаралғаннан кейін ауыл көшелеріне 10 жарық шамы орнатылды.

Сонымен қатар тұрғындарға мансап орталығына есепке тұру, атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу және басқа да әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша түсініктемелер берілді.

«Құқықтық дәріхананың басты мақсаты – азаматтарға құқықтық көмекті барынша қолжетімді ету», – деп атап өтті облыс прокуратурасы.

1 қыркүйектегі акция барысында барлығы 138 азамат қабылданды. Ал жыл басынан бері «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында облыс прокуратурасы 2700-ден астам тұрғынға құқықтық көмек көрсетті.

Облыс прокуратурасы азаматтарды «Құқықтық дәріхана» акциясының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады. Акция әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың барлық аудан орталықтарындағы сауда-ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда өткізіледі.

Бөлісу