СҚО-да 60 мыңға жуық тұрғын тұмауға қарсы екпені тегін алады
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
Солтүстік Қазақстан облысында жаңа эпидемиологиялық маусым басталды. Әдетте ЖРВИ мен тұмаудың өршу кезеңі желтоқсан-қаңтар айларына келеді. Инфекцияның таралу қаупін азайтып, өңір тұрғындарын қорғау мақсатында СҚО-да 60 мыңға жуық вакцина дозасы сатып алынды. Жақын арада облыс тұрғындары тұмауға қарсы екпені тегін ала алады. Бұл туралы СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Кушбасов мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Тұмауға қарсы вакцинация жыл сайын қауіп тобына жататын азаматтар арасында жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған адамдар, 65 жастан асқан азаматтар, жүкті әйелдер және басқа да санаттар бар. Азаматтар екпені қазан және қараша айларында ала алады. Бұл кезең аурудың өршуіне дейін ағзада иммунитеттің қалыптасуына мүмкіндік береді.
Маусымдық аурулардың көбеюіне тек медициналық ұйымдар ғана емес, білім беру мекемелері де дайындалып жатыр. Арман Кушбасов мектеп оқушылары қандай жағдайда қашықтан оқыту форматына ауыстырылатынын түсіндірді.
«Бір сыныпта немесе топта балалар арасында аурушаңдық 20%-дан 30%-ға дейін асқан жағдайда медициналық бақылау белгіленеді, күн ішінде оқушылардың кабинеттер арасында ауысуына жол берілмейді және инкубациялық кезең ішінде жаңа топқа балаларды қабылдауға тыйым салынады. Сынып немесе топ оқушыларының 30%-дан астамы ауырған жағдайда қашықтан оқытуға ауыстыру, сондай-ақ тәрбие және білім беру объектілерінде оқу процесін бір инкубациялық кезеңге уақытша тоқтату жүзеге асырылады», – деді Арман Кушбасов.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қазанда басталған өткен эпидемиологиялық маусымда СҚО-да 96 748 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,1%-ға төмен. Ол кезде 110 мыңнан астам жағдай тіркелген.
Соңғы аптада өңірде 2631 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 5,4%-ға өскен.
Алдын алу мақсатында СҚО тұрғындарына бөлмелерді жиі желдету, қолды мұқият жуу, аурушаңдық өршіген кезеңде бұқаралық іс-шараларға барудан бас тарту, иммунитетті нығайту, спортпен шұғылдану, ұйқы мен тамақтану сапасына көңіл бөлу ұсынылады.
ЖРВИ немесе тұмаудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өз бетінше емделуге болмайды. Медициналық көмекке жүгініп, дәрігерді үйге шақыру қажет. Әсіресе ауырған баланың жағдайын мұқият бақылап, оны инфекцияның басқа балалар арасында таралуына жол бермеу үшін балабақшаға немесе мектепке жібермеу маңызды.
Мамандар медициналық көмекке уақтылы жүгіну аурудың жағымсыз салдарының алдын алуға көмектесетінін еске салады. Себебі аурудың ұзаққа созылуы асқынуларға әкелуі мүмкін. Ең жиі кездесетін әрі қауіпті асқынулардың бірі – пневмония.
Бөлісу