СҚО-да Kozybayev University Басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген азаматтық жауапкершіліктің ел болашағындағы рөліне тоқталды
Бөлісу
Елдің болашағы тек мемлекеттік шешімдерге ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі мен қоғам алдындағы ұстанымына да байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты пікір білдірген Kozybayev University әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген айтты, деп хабарлайды SKO24.kz.
Оның пікірінше, Жолдауда көтерілген «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» бастамалары мен «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызы зор. Бұл бағыттар аясындағы жұмыстар тек түрлі іс-шаралар өткізумен шектелмей, әр адамның күнделікті өмір салты мен ішкі дүниесіне әсер етуі керек.
«Менің ойымша, ішкі саясаттағы басты құндылықтардың бірі – адал азамат қалыптастыру. Бұл бағытта жастарға арналған көптеген пайдалы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алайда ең маңыздысы – олардың санын көбейту емес, адамның ішкі санасын өзгерту, заңға бағынуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге тәрбиелеу», – дейді Әділхан Төлепберген.
Ол «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тек көшелерді тазалау, қоқыс жинау немесе пластик қалдықтарын сұрыптаумен шектелмейтінін атап өтті. Ең алдымен, әр адамның қоршаған ортаға, қоғамға және өз міндеттеріне деген көзқарасы өзгеруі қажет. Бұл ретте отбасының тәрбиелік рөлі ерекше. Өйткені адам бойындағы жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.
Сонымен қатар ол қоғамдық құндылықтардың ұрпақтар сабақтастығы арқылы нығаятынын жеткізді. Жастарға дұрыс бағыт көрсетуде жеке үлгі, ортақ ережелерді құрметтеу және әрбір іс-әрекетке жауап бере білу маңызды.
Университет өкілі елдің ұзақ мерзімді дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгін қабылданатын шешімдер тек қазіргі қоғамның қажеттіліктерін емес, болашақ ұрпақтың мүддесін де ескеруі тиіс. Осы тұрғыда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы мүмкіндіктерін айқындайтын маңызды бағыттардың қатарында.
Әділхан Төлепбергеннің пікірінше, бүгінгі міндет – тек күнделікті мәселелерді шешу емес, ертеңгі ұрпаққа тұрақты әрі жауапты қоғамның негізін қалау. Ал мұндай болашақ әр азаматтың саналы әрекеті мен ортақ іске қосқан үлесінен басталады.
Бөлісу