Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-да мультимодальды логистикалық хаб құру жұмыстары жүргізілуде

СҚО-да мультимодальды логистикалық хаб құру жұмыстары жүргізілуде

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 4
cover

Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жақеевпен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тараптар логистика және электрондық коммерция салаларындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне сілтеме жасаған SKO24.kz хабарлады.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазпошта» АҚ арасында Петропавл әуежайы базасында мультимодальды логистикалық хаб құру туралы келісімге қол жеткізіліп, тиісті құжатқа қол қойылған болатын. Қазіргі таңда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп, әлеуетті инвестормен белсенді келіссөздер жалғасуда. Жақын уақытта тараптар өзара уағдаластықты меморандумға қол қою арқылы ресми түрде бекітеді деп күтілуде.

Кездесуде өңірдің тиімді географиялық орналасуы, Ресей Федерациясымен шекаралас болуы және дамыған көлік инфрақұрылымы Петропавл қаласында заманауи трансшекаралық логистикалық орталық қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайтыны атап өтілді. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру жүк тасымалы көлемін едәуір арттыруға, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Петропавл әуежайын өңірлік мультимодальды логистикалық хабқа айналдыру жобасының келешегі талқыланған болатын. Сол кезде бұл бастама өңіраралық және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, Солтүстік Қазақстан облысының елдегі маңызды логистикалық тораптардың бірі ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны айтылған еді.

Бөлісу