Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-да отандық медициналық техника өндірісінің қуаты кеңейіп келеді

СҚО-да отандық медициналық техника өндірісінің қуаты кеңейіп келеді

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 9
cover

Солтүстік Қазақстан облысында отандық медициналық жабдықтар өндірісі дамып келеді. Петропавлдағы «КазахМедИмпорт» ЖШС зауыты Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында және шетелде сұранысқа ие 200-ден астам мамандандырылған өнім түрін шығарады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кәсіпорын жұмысымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Өңір басшысына негізгі өндірістік алаңдар көрсетілді. Атап айтқанда, конструкторлық бөлім, материалдар қоймасы, металды лазерлік өңдеу және дайын өнімді соңғы құрастыру учаскелері таныстырылды.

Кәсіпорын 2014 жылдан бері нарықта жұмыс істейді, ал 2022 жылдан бастап өндірісін Солтүстік Қазақстан облысында орналастырған. Бүгінде компания өндірістік циклдің басым бөлігін өз күшімен жүзеге асырады - жобаларды әзірлеуден және қажетті бөлшектерді дайындаудан бастап, дайын бұйымдарды құрастыруға дейін.

«КазахМедИмпорт» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Станислав Таратут атап өткендей, зауыттың өнім түрлері тұрақты түрде кеңейіп келеді.

«Бүгінде біздің номенклатурамызда 200-ден астам өнім атауы бар. Біз медициналық жабдықтар, емдеу мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыруға арналған бұйымдар шығарамыз. Биыл жаңа бағытты - патологоанатомиялық бөлімшелерге арналған жабдықтар өндірісін игердік. Оның ішінде секциялық үстелдер мен кесу станциялары бар. Компаниямыз өз өнімдерін халықаралық көрмелерде тұрақты түрде таныстырып келеді», - деді ол.

Кәсіпорында заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Шығарылатын жабдықтарға электрондық басқару жүйелері, автоматтандыру элементтері, өзін-өзі диагностикалау функциялары және стерильділік талаптарының сақталуын бақылау мүмкіндіктері енгізілген.

Өндірілетін өнімдердің қатарында ламинарлық бокстар, стерильді эндоскоптарды кептіруге және сақтауға арналған шкафтар, қақырық жинауға арналған кабиналар, сорғыш шкафтар және басқа да мамандандырылған қондырғылар бар.

«Мұның барлығы - біздің өз әзірлемеміз және өз өндірісіміз. Шығарылатын барлық өнімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат құжаттары бар», - деп атап өтті Станислав Таратут.

Өндіріспен танысу барысында Ғауез Нұрмұхамбетов өнім түрлерін одан әрі кеңейту перспективаларына назар аударды. Атап айтқанда, ойық жараның алдын алуға арналған матрастар шығару бағытын дамыту мәселесі талқыланды. Мұндай жабдық ауа камералары арқылы қысымның таралуын автоматты түрде өзгертуге мүмкіндік береді және төсек тартып жатқан науқастарға күтім жасауды едәуір жеңілдетеді.

Бүгінде кәсіпорында 98 адам еңбек етеді. Компания медициналық, зертханалық және өнеркәсіптік жабдықтар шығарып қана қоймай, жобаларды кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді және өнім сапасын барлық кезеңде бақылауда ұстайды.

Кәсіпорын алдағы уақытта өндірісті одан әрі дамытуды, жаңа өнім түрлерін игеруді және өндірістік қуаттарды ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Бөлісу