СҚО-да прокуратура мен қоғам өкілдері заңдылық пен өзекті мәселелерді талқылады
Бөлісу
Облыс прокуратурасында облыс прокурорының Қоғамдық кеңес мүшелерімен жұмыс кездесуі өтті. Басқосу азаматтық қоғам институттарымен ашықтық пен сындарлы әріптестікті дамыту, сондай-ақ өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кездесу барысында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының сақталуы, интернет-алаяқтықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдарының сапасы және тұрғындарды алаңдататын өзге де мәселелер сөз болды.
Облыс прокуроры қоғам өкілдерінің пікірі прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарын айқындауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ашық диалог проблемаларды дер кезінде анықтап, азаматтардың құқықтарын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру, халықтың құқықтық мәдениетін көтеру, профилактикалық жұмыстарды күшейту және қоғамдық бақылауды дамыту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында тараптар жүйелі ынтымақтастықты жалғастырып, тұрақты ақпарат алмасуға, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға және заңдылықты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Бөлісу