СҚО-да «Заң мен Тәртіп үшін бизнестен 100 қайырымды іс» акциясы өтті
Бөлісу
17 қыркүйекте «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыстық қадағалау органының бастамасымен және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Заң мен Тәртіп үшін бизнестен 100 қайырымды іс» акциясы өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Акция аясында кәсіпкерлер өңірдегі әлеуметтік нысандарды дамытуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырды.
Мәселен, Аққайың ауданында «Дайындық агро» ЖШС өз қаражаты есебінен Дайындық негізгі мектебінің жанындағы шағын орталық пен Мәдениет үйінің құрылысын аяқтады. Аталған нысандар ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік инфрақұрылымның бір бөлігіне айналмақ.
Ал Мамлют ауданының Становское ауылдық округінде «Агро-Рада» ЖШС жергілікті тұрғындар мен мектеп оқушыларына қолдау көрсету мақсатында заманауи жасанды жабындысы бар шағын футбол алаңын салуға және орнатуға демеушілік жасады.
Жаңа спорт нысаны балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұндай бастамалар әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет пен бизнес-қоғамдастықтың өзара іс-қимылының маңызын көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қоғамда өзара көмек, азаматтық жауапкершілік және заңға құрмет қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
«Заң мен Тәртіп үшін бизнестен 100 қайырымды іс» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бөлісу