СҚО-да жастар театры ашылса, өңір мәдениетіне жаңа серпін береді – Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым
Бөлісу
2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануы еліміздің өңірлерінде жаңа нысандардың бой көтеруіне және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына тың серпін бермек. Бұл бастама мәдениет саласы үшін де маңызды. Әсіресе, жаңа мәдениет ошақтарын салу, шығармашылық ұжымдардың мүмкіндіктерін кеңейту және жас таланттарды қолдау өзекті, деп хабарлайды SKO24.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым жаңа мәдени нысандардың салынуы өңірдің шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Петропавлда жастар театрының ашылуы өнерге құштар жас буынға үлкен мүмкіндік сыйлар еді.
«Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік үш театр бар. Соның қатары тағы бір театрмен толықса, Солтүстік Қазақстан облысында жастар театры ашылса, өңірімізге жаңа мамандарды шақырып, үлкен-үлкен жобаларды жасауға мүмкіндік беретін еді», — деді Айбол Қасым.
Оның пікірінше, мәдениет саласын дамыту үшін ең алдымен білімге көңіл бөлу қажет. Жас мамандарды тәрбиелеп, оларды сахна өнеріне бейімдеу жүйелі жұмысты талап етеді.
«Ең бірінші білімнен бастау керек. Тәрбиеден бастау керек. Сосын сахнаға бейімделуден бастау керек. Оның бәрінің өзінің қадамдары бар», — деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі.
Бөлісу