СҚО кәсіпкерлеріне тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы еске салды
Бөлісу
Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ілиясов өткен брифингте өңір кәсіпкерлеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін көзделген әкімшілік жауапкершілік туралы еске салды. Ол жалған жарнама тарату, сатып алушыларды алдау, кем өлшеу, кем тарту, баға көрсеткіштерінің болмауы және өзге де заң бұзушылықтар үшін қандай айыппұлдар қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды SKO24.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Себебі бұл азаматтардың тауар сатып алу, жұмысқа тапсырыс беру және қызметтерді пайдалану кезінде заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Нарықтық экономиканың дамуы жағдайында тұтынушылардың құқықтарының бұзылуының алдын алу және жолын кесудің тиімді тетіктерін қалыптастыру ерекше маңызға ие.
«Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне маңызды рөл жүктелген. Кодекс тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын әрекеттер үшін жауапкершілік шараларын белгілейді. Оның нормалары кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен қатар, адал емес кәсіпкерлік қызметтің алдын алуға, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және тұтынушылардың нарыққа деген сенімін нығайтуға бағытталған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдар қарайтын әкімшілік істердің тізбесі ӘҚБтК-нің 715-1-бабымен айқындалған», – деді спикер.
ӘҚБтК-нің 157-бабына сәйкес, тұтынушыларды тауарлардың, қызметтердің немесе оларды өндірушілердің сипаттамалары жөнінде жаңылыстыратын көрінеу жалған жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – 100 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 350 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабының бірінші бөлігінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, сатып алушыларды кем өлшеу, кем тарту, кем есептеу, тауардың, жұмыстың немесе қызметтің тұтынушылық қасиеттері мен сапасына қатысты жаңылыстыру, сондай-ақ тұтынушыларды алдаудың өзге де түрлері үшін жеке кәсіпкерлер мен сауда және қызмет көрсету ұйымдары жауапкершілікке тартылады. Бұл құқық бұзушылықтар үшін жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бірінші бөлік келтірілген залалдың мөлшері бір АЕК-тен аспаған жағдайда қолданылады», – деді Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы.
Егер мұндай әрекеттер салдарынан бір АЕК-тен үш АЕК-ке дейінгі мөлшерде елеулі немесе үш АЕК-тен асатын ірі залал келтірілсе, жауапкершілік ӘҚБтК-нің 190-бабының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес қаралады. Ал осы баптың бесінші бөлігіне сәйкес кәсіпкерлер тұтынушылардың құқықтарын бұзудың үш негізгі түрі үшін жауапқа тартылады.
Атап айтқанда, сатушының, өндірушінің, орындаушының, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу субъектілерінің байланыс деректерін, сондай-ақ тұтынушының өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгіне алатыны туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде орналастыру міндетін орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, тиісті және тиісті емес сападағы тауарларды заңда белгіленген мерзімде айырбастау немесе қайтару жөніндегі міндеттерді орындамағаны, сондай-ақ тұтынушының шағымына заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап бермегені үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұл құқық бұзушылықтар үшін жеке тұлғаларға – 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалса, ӘҚБтК-нің 190-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшері бірнеше есе ұлғаяды.
Спикердің айтуынша, ӘҚБтК-нің 193-бабының төртінші және бесінші бөліктерінде сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзғаны үшін де жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, Қазақстан аумағында тауарды теңгемен көрсетілген баға белгісінсіз сату, баға көрсеткішінде көрсетілген құннан жоғары бағамен өткізу немесе жария шарт негізінде тауар бағасын теңгемен көрсетпеу құқық бұзушылық болып саналады.
Мұндай заң бұзушылықтар үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылықтар бір жыл ішінде қайта қайталанса, айыппұл мөлшері ұлғаяды.
Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша, аталған заң нормаларын тиімді қолдану құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тауарлар мен қызметтер нарығындағы тәртіпті нығайтуға және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиісті деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.
Бөлісу