СҚО-ның Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінде жаңа Жедел басқару орталығы ашылды
Бөлісу
Фото: СҚО Полиция департаменті
Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында аудандық полиция бөлімінде жаңа Жедел басқару орталығы (ЖБО) ашылды. Жоба жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылды. ЖБО-ның салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен облыстық Полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров қатысты. Бұл туралы SKO24.kz Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аудандық полиция бөлімінің ғимаратында үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етілген сервер мен заманауи байланыс жүйелері орнатылды. Сонымен қатар, үш жұмыс орны және бейнеқабырғамен жабдықталған арнайы бөлме жасақталды. Мониторларға аудан орталығы – Булаево қаласының барлық маңызды нүктелерінде орнатылған бейнебақылау камералары қосылған.

Жаңғырту жұмыстарына дейін қалада 75 бейнебақылау камерасы жұмыс істеді. Биылғы жылдың басынан бері олардың көмегімен жеті қылмыс ашылып, жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық тәртіп пен абаттандыру қағидаларын бұзудың жүздеген дерегі анықталды. Бұған қоса, тағы 72 бейнебақылау камерасы және жылдамдық режимін тіркейтін үш аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Руслан Назаров ЖБО-ның ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік органдар қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты көрінісі екенін атап өтті.

«Заманауи техника жедел жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, күштер мен құралдарды тиімді бөлуге және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Жаңа ЖБО цифрлық дәуір талаптарына сай құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттырады», – деп мәлімдеді СҚО Полиция департаменті.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аяқталғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында Жедел басқару орталықтарын құру жоспарланып отыр. Бұл полиция бөлімшелерін «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтудың бірыңғай цифрлық жүйесіне біріктіруге, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету деңгейін арттыруға және қылмыстардың ашылу көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде әлем терең өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Жаңа технологиялар қоғамдық өмірдің барлық саласын, тіпті адамзат болмысының негіздерін түбегейлі өзгертуде. Жаңа дәуір талаптарына сай біз толықтай цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы – цифрлық болашақты таңдағанымыздың айқын көрінісі. Біз бұл стратегиялық мақсатқа бүкіл қоғам болып табысты жетуіміз керек», – деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.
Бөлісу