Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-ның Мағжан Жұмабаев ауданында Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысы бар мегаферма ашылды

СҚО-ның Мағжан Жұмабаев ауданында Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысы бар мегаферма ашылды

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 5
cover

Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды оқиға орын алды. Мұнда «СК Агро 2050» ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды сүт-тауарлы кешеннің алғашқы кезеңі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жобаның өңір экономикасы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Жаңа кешен – заманауи технологиялармен жабдықталған, халықаралық талаптарға сай жұмыс істейтін жоғары деңгейдегі агроөнеркәсіптік нысан. Оның жобалық қуаттылығы 12 мың бас ірі қара малды қамтиды. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі «карусель» үлгісіндегі сауу қондырғысының орнатылуы. Немістің GEA Westfalia компаниясы шығарған бұл қондырғы бір мезгілде 100 сиырды саууға мүмкіндік береді. Мұндай технология өндірістің тиімділігін арттырып, еңбек өнімділігін едәуір жоғарылатады.

Жобаны жүзеге асыруға шамамен 30 миллиард теңге инвестиция бағытталмақ. Бұл қаражат құрылыс жұмыстарын жүргізуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Кешен толық қуатына шыққан кезде 120-дан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта фермаға жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілуде. Жыл басынан бері Германиядан арнайы әуе көлігі арқылы 550-ден астам бас мал әкелінді. Сонымен қатар жыл соңына дейін Еуропаның жетекші елдерінен тағы 660 бас асыл тұқымды сиыр жеткізу жоспарланған. Бұл малдардың жоғары генетикалық әлеуеті сүт өндірісінің көлемі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Өңірде мұндай жоғары технологиялы сүт-тауарлы кешендерді дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының осы бағыттағы тәжірибесі бүгінде республикадағы ең табысты үлгілердің бірі ретінде бағаланып, басқа өңірлерде де кеңінен енгізілуде.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің сүт өндірісіндегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Облыста жұмыс істеп тұрған 118 сүт-тауарлы ферманың 50-ден астамы «ақылды» цифрлық технологияларды пайдаланады. Сонымен қатар өңірде жалпы құны 144,5 миллиард теңгені құрайтын 44 ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына өз үлесін қоспақ.

Бөлісу