СҚО-ның Тайынша ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында тазалыққа бақылау күшейтілді
Бөлісу
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында абаттандыру қағидаларының сақталуына кезекті мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Рейдті Тайынша ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әділет Рахымжанов басқарды. Іс-шараға прокуратура, полиция бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік және ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ қала әкімдігі қатысты.

Мониторинг барысында жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарының иелеріне экологиялық мәдениетті сақтау, санитарлық талаптарды орындау және аумақты таза ұстау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесінде бір әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар төрт азаматқа ресми ескерту берілді.
Құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңартылған заңнамасына сәйкес абаттандыру саласындағы бақылау күшейтіліп, рейдтік іс-шаралар күн сайын өткізілуде. Қолданыстағы талаптарға сәйкес әрбір меншік иесі өз үйінің немесе кәсіпкерлік нысанының шекарасынан бастап 5 метр радиустағы аумақтың тазалығына жауапты.
Жыл басынан бері Тайынша ауданында аудан әкімдігі мен полиция бөлімінің бірлескен жұмысының нәтижесінде абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 577 әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның ішінде 518 жағдайда ескерту жасалса, 36 азамат пен кәсіпкерге айыппұл салынған. Уәкілетті органдардың айтуынша, мұндай рейдтердің негізгі мақсаты – жазалау емес, қоғамдық тәртіп пен тазалық мәдениетін қалыптастыру.

Тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдау үшін TazaQazBot Telegram-боты іске қосылған. Оның көмегімен азаматтар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері, жиналмаған қоқыс немесе абаттандыруға қатысты өзге де мәселелер туралы фото мен геолокацияны қоса тіркеп хабарлай алады.
Ескертулерді орындамаған және заң бұзушылықтарды жоймаған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту немесе 20 АЕК көлемінде айыппұл, ал қайталанған жағдайда 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, абаттандыру қағидаларын сақтау және «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұстану – әрбір азаматтың туған өлкесінің тазалығы мен қоғамдық тәртіпке қосқан жеке үлесі.
Бөлісу