СҚО прокуратурасының «Құқықтық дәріхана» акциясында 146 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді
Бөлісу
4 тамызда Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы халыққа тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Акция барысында 146 азамат қабылданып, тұрғын үй, еңбек, отбасы құқығы, әлеуметтік кепілдіктер, сот шешімдерін орындау, балалардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша құқықтық кеңес берілді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Прокуратураның мәліметінше, акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға құқықтық кеңес беріп қана қоймай, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетіктерін түсіндіру. Жеке қарауды қажет ететін өтініштер бойынша құқықтық сүйемелдеу ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдардың несие рәсімдеуге және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болғанын айтты. Прокурорлар азаматқа мұндай жағдайда әрекет ету тәртібін, құқық қорғау органдарына жедел жүгіну қажеттігін және жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндірді.

Аққайың ауданының тұрғыны жұмыстан босатылғаннан кейін жұмыс беруші соңғы есеп айырысуды жүргізбей, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төлемегенін жеткізді. Оған еңбек заңнамасында көзделген құқықтары, уәкілетті органдарға жүгіну тәртібі және сот арқылы қорғану тетіктері түсіндірілді.
Есіл ауданының тұрғыны сатып алған қымбат тұрмыстық техниканың ақаулы болып шыққанына қарамастан, сатушының ақшасын қайтарудан бас тартқанын айтты. Мамандар тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сатушыға талап қою және дауды сотқа дейінгі әрі сот тәртібімен шешу жолдарын түсіндірді.
Ғабит Мүсірепов ауданынан түскен өтініш қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін төлемақыны есептеу мәселесіне қатысты болды. Өтінішті қарау нәтижесінде қолайсыз тұрғын үй санатына жататын тұрғындар үшін тариф қайта қаралып, төмендетілді.
Сонымен қатар, пробациялық бақылауда тұрған екі азаматты жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілді.
Жыл басынан бері облыс прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында 2 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсеткен.
Прокуратура тұрғындарды әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде және облыстың барлық аудан орталықтарында өтетін «Құқықтық дәріхана» акциясына қатысып, білікті құқықтық көмек алуға шақырады.
Бөлісу