СҚО құтқарушылары мұз қату кезеңінде су айдындарын бақылауды күшейтті
Бөлісу
Суық ауа райының басталуымен Солтүстік Қазақстан облысындағы су айдындары қауіпті бола түсуде. Алғашқы мұз әлі де жұқа болғандықтан, оның үстіне шығу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Күзгі кезеңде жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары туралы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды SKO24.kz.
Шомылу маусымы ресми түрде 31 тамызда аяқталғанымен, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Қазір құтқарушылар балаларға, балық аулаушыларға және аңшыларға ерекше назар аударуда. Өйткені олар күн суытқан кезде де су айдындарының маңында жиі болады.
Мұздың беріктігін сыртқы көрінісіне қарап анықтау мүмкін емес. Оның қалыңдығы мен төзімділігі ауа райына және су айдынының ерекшеліктеріне байланысты. Суасты ағыстары, бұлақ көздері, қамыс өскен жерлер, өзендердің құяр тұстары мен жылы су ағызылатын аумақтар қосымша қауіп төндіреді. Мұндай жерлерде ауа температурасы төмен болғанның өзінде мұз жұқа болуы мүмкін.
«Біз балық аулаушыларды тәуекелге бармауға шақырамыз. Ешбір балық адам өміріне татымайтынын еске саламыз. Мұз қатайып, қалыңдығы 10 сантиметрден асқан жағдайда оның үстіне шығатын адамдар өзімен бірге өзін-өзі құтқару құралдарын алып жүруі керек. Олардың қатарында ысқырық, құтқару кеудешесі, арқан және ұзындығы кемінде екі метр болатын таяқ болғаны жөн. Сондай-ақ телефонды су өткізбейтін қапқа салып жүру ұсынылады. Екінші санат – балалар. Барлық ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеміз», – деді СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Қайрат Самаев.
Оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Олар су айдындарын тексеріп, қауіпті учаскелерді патрульдейді және тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Сонымен қатар жағдайды бақылау үшін камералар мен дауыс зорайтқыштар орнатылған ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады.
Бөлісу