Басты бет СҚО жаналықтары СҚО тұрғындары «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында тегін заң көмегін алуды жалғастыруда

СҚО тұрғындары «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында тегін заң көмегін алуды жалғастыруда

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 4
cover

Солтүстік Қазақстан облысында қоғамда «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында кезекті «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Бұл туралы СҚО прокуратурасына сілтеме жасаған SKO24.kz хабарлады.

Акция апта сайын Петропавл қаласында және облыстың 13 ауданында өткізіледі. Оның барысында кез келген азамат өзін қызықтырған құқықтық мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес ала алады. Ашық қабылдау форматы тұрғындарға прокуратура қызметкерлеріне тікелей жүгініп, заң талаптары бойынша түсініктеме алуға және өз құқықтарын қорғау үшін қандай әрекеттер жасау керектігін білуге мүмкіндік береді.

Мұндай көмектің нақты нәтижелері де бар. Мәселен, Петропавл қаласының бір тұрғыны алимент өндіру мәселесі бойынша кеңес сұраған. Прокуратура қызметкерлері оған сот шешімін орындау тәртібін, өндіріп алушының құқықтарын және борышкерге қатысты қолданылатын ықпал ету шараларын түсіндірді.

Тағы бір жағдайда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғынына аудандық мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді.

Есіл ауданында прокурорлар скутерді басқаруға қатысты заң талаптарын түсіндірді. Атап айтқанда, қажетті құжаттардың тізімі, көлік құралын мемлекеттік тіркеу тәртібі, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы, міндетті сақтандыру талаптары, сондай-ақ қажетті құжаттарсыз немесе заң талаптарын бұза отырып көлік басқарғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат берілді.

Тайынша ауданында бір тұрғынға Қазақстан Республикасының «Рақымшылық туралы» заңының ережелері, оны қолдану тәртібі мен шарттары, сондай-ақ рақымшылыққа жататын тұлғалар санаты түсіндірілді. Сонымен қатар азаматқа жаза мерзімін қысқарту және осыған байланысты сотқа өтініш беру тәртібі жөнінде кеңес берілді.

Бұдан бөлек, тұрғындар мұрагерлікті рәсімдеу, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй қатынастары, еңбек заңнамасы және сот актілерін орындау мәселелері бойынша да кеңес алды. Әр азаматқа қажетті құқықтық көмек көрсетіліп, қосымша тексеруді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды.

«Құқықтық дәріхана» акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді және прокуратураның халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмысының бір бөлігі болып табылады. Оның басты мақсаты – азаматтарға құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге көмектесу, заң бұзушылықтардың алдын алу және заң көмегін баршаға қолжетімді ету.

Жыл басынан бері облыс прокуратурасы осындай 26 акция өткізіп, олардың барысында 2 мыңнан астам азаматты қабылдаған. «Құқықтық дәріхана» алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырады. Акция әр сейсенбі күні аудан орталықтары мен Петропавл қаласында өтеді. Облыс орталығында қабылдау орны – «Рахмет» сауда орталығы.

Бөлісу