Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында сүт-тауарлы ферманы кеңейту нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады
Бөлісу
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында «ZHA - GROUP LTD» ЖШС «Солтүстік» ӘКК қолдауымен сүт-тауарлы ферманы кеңейтуде. Жобаны іске асыру сүт өндірісінің көлемін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Агроқұрылым бұған дейін де «Солтүстік» ӘКК арқылы жеңілдетілген несиелеу тетіктерін пайдаланған. 2021 жылы кәсіпорын 400 млн теңге көлемінде несие алып, қаражатты сүт-тауарлы фермаға заманауи жабдықтар мен арнайы техника сатып алуға бағыттаған.
«Жобаны іске асырып, 400 басқа арналған ферманы іске қостық. Қазір ол табысты жұмыс істеп тұр. Голштин және симменталь тұқымды ірі қара Чехиядан әкелінді. Бір жылдан кейін біз МТФ-ны 600 басқа дейін кеңейту туралы шешім қабылдадық. Өз қаражатымыз есебінен қажетті ғимараттарды салып, жабдықтарды орнаттық. Тек мал сатып алу ғана қалған еді», — деді «ZHA - GROUP LTD» ЖШС қаржы директоры Жангелді Есілбаев.
2024 жылы ауыл шаруашылығы құрылымы қайтадан несие қаражатын алуға өтінім берді. Кәсіпорынға 500 бас ірі қара сатып алуға 800 млн теңге көлемінде несие мақұлданды. Мал Даниядан келісімшарт бойынша алынуы тиіс. Шаруашылық голштин-фриз тұқымын таңдаған. Өйткені кәсіпорын сүт өндіруге маманданғандықтан, басты талап малдың жоғары өнімділігі болды.
«Карантин мен мал экспортының жабылуына байланысты әзірге 135 бастан тұратын алғашқы партияны ғана әкеліп үлгердік. Даниямен жасалған келісімшарт әлі де ашық, малды күтіп отырмыз. Қазір сүт өндірісін ұлғайту және ферманың жүктемесін арттыру үшін Калининградтан 65 бас сатып алдық. Күн сайын 6,5–7 тонна сүт аламыз», — деді Жангелді Есілбаев.
Бүгінде фермада шамамен 400 бас ірі қара бар, оның 220-сы — сауын сиырлар. Кешеннің жобалық қуаты 1000 сауын сиырға есептелген. Өндіріс көлемін одан әрі арттыру үшін мұнда қосымша бұзау қоралары салынды.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 25 адам жұмыс істейді. Ферма кеңейтілгеннен кейін аудан тұрғындары үшін тағы 15 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауарлы фермалар желісі белсенді дамып келеді. Бұл бағытта аграршыларға «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айтарлықтай қолдау көрсетуде. МТФ салу бойынша жеңілдетілген несиелеу және табысты тәжірибені тарату бағдарламасы кейіннен бүкіл ел бойынша кеңейтілді.
Бүгінде өңірде 118 сүт фермасы жұмыс істейді, оның 50-і заманауи кешендер болып табылады.
Сүт өндірісін кеңейту сенімді ветеринариялық бақылауды да талап етеді. Осыған байланысты облыста ветеринариялық қызметті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір СҚО-да 57 ветеринариялық пункт пен екі ветеринариялық станцияның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл өңірде қолайлы эпизоотиялық жағдайды сақтауға және ветеринариялық бақылау инфрақұрылымын күшейтуге мүмкіндік береді.
Бөлісу