Солтүстік Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен балабақша салынды
Бөлісу
Прокуратура органдары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік бастамалардың іске асырылуын бақылау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды SKO24.kz Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Петропавл қаласында прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен салынған «Жас-өркен» бөбекжай-бақшасына балаларды қабылдау басталды.
Жобалық қуатына сәйкес бөбекжай-бақшада 12 топ қарастырылған, жалпы сыйымдылығы – 280 орын.
Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымда 232 бала тәрбиеленуде, балаларды қабылдау жалғасуда.
Балабақшаның пайдалануға берілуінің нәтижесінде шамамен 300 орын тапшылығы қысқартылып, бұл «Жас-өркен» шағын ауданының тұрғындары мен Солтүстік Қазақстан облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі тарапынан оң бағаланды.
Сонымен қатар, облыс аумағында денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған тағы 4 нысанның құрылысы жалғасуда.
Құрылыс жұмыстарының барысы облыстың қадағалау органының тұрақты бақылауында.
Облыс прокуратурасы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізуді жалғастырады.
Бөлісу