Басты бет СҚО жаналықтары Солтүстік Қазақстан облысында отандық медициналық техника өндірісі кеңейтілуде

Солтүстік Қазақстан облысында отандық медициналық техника өндірісі кеңейтілуде

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 6
cover

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық жабдықтардың заманауи өндірісі қарқынды дамып келеді. Кәсіпорын өнімдері еліміздің денсаулық сақтау мекемелерінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Петропавл қаласындағы «ҚазақМедИмпорт» ЖШС зауыты бүгінде мамандандырылған өнімдердің 200-ден астам түрін шығарады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Компания нарықта 2014 жылдан бері жұмыс істейді, ал 2022 жылы өндірісін Петропавл қаласында орналастырды. Кәсіпорында өндірістік циклдің барлық кезеңі дерлік өз күшімен жүзеге асырылады. Мамандар жобаларды әзірлейді, қажетті бөлшектерді дайындайды, дайын бұйымдарды құрастырады және әр кезеңде өнім сапасын бақылайды.

Өндірістік база құрамына конструкторлық бөлім, материалдар қоймасы, металды лазерлік өңдеу және дайын өнімді түпкілікті құрастыру учаскелері кіреді.

«ҚазақМедИмпорт» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Станислав Таратуттың айтуынша, кәсіпорынның өнім түрлері үнемі кеңейтіліп келеді.

«Бүгінде біздің өнімдер тізбесінде 200-ден астам атау бар. Біз медициналық жабдықтармен қатар, емдеу мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыруға арналған бұйымдар шығарамыз. Биыл жаңа бағытты игеріп, патологиялық-анатомиялық бөлімшелерге арналған жабдықтарды, соның ішінде секциялық үстелдер мен кесінді дайындау станцияларын өндіруді бастадық. Компаниямыз өз өнімдерін халықаралық көрмелерде тұрақты түрде таныстырып келеді», – деді ол.

Кәсіпорында заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады. Өндірілетін жабдықтарға электрондық басқару жүйелері, автоматтандыру элементтері, өзін-өзі диагностикалау және стерильдік талаптарының сақталуын бақылау функциялары енгізілген.

Шығарылатын өнімдердің қатарында ламинарлық бокстар, стерильді эндоскоптарды кептіруге және сақтауға арналған шкафтар, қақырық жинауға арналған кабиналар, сорғыш шкафтар және басқа да мамандандырылған қондырғылар бар.

«Мұның барлығы – кәсіпорынның өз әзірлемесі әрі өз өндірісі. Шығарылатын өнімдердің барлығына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат құжаттары алынған», – деп атап өтті Станислав Таратут.

Перспективалы бағыттардың бірі – ойылуға қарсы матрастар шығару. Ауа камераларының арнайы жүйесі қысымды автоматты түрде қайта бөліп, ойылу қаупін төмендетеді және төсек тартып жатқан науқастарға күтім жасауды едәуір жеңілдетеді.

Бүгінде кәсіпорында 98 адам еңбек етеді. Компания медициналық, зертханалық және өнеркәсіптік жабдықтар шығарып қана қоймай, іске асырылатын жобаларды кешенді сүйемелдеуді де қамтамасыз етеді.

Кәсіпорын алдағы уақытта жаңа өнім түрлерін игеруді, отандық өндірісті одан әрі дамытуды және өндірістік қуатты арттыруды жоспарлап отыр.

Бөлісу