Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қаланың ірі инвестициялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты
Бөлісу
Петропавл қаласы ауқымды өзгерістерге дайындалуда. Алдағы жылдары облыс орталығында халықаралық деңгейдегі жаңа қонақүй кешендері, заманауи аквапарк, қоғамдық кеңістіктер, спорт нысандары және тарихи ғимараттар жаңартылып, пайдалануға беріледі. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев өңірдің экономикасы, туризмі және қалалық инфрақұрылымының дамуына серпін беретін маңызды инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын арнайы жұмыс сапары барысында бағалады, деп хабарлаыйды SKO24.kz.

Алғашқы нысандардың бірі – қонақүйді, спорттық инфрақұрылымды және іскерлік кеңістікті біріктіретін көпфункционалды кешеннің құрылыс алаңы болды. Қазіргі таңда инвестор дайындық жұмыстарын аяқтап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде әрі халықаралық қонақүй операторының қатысуы жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Құрылысты келесі жылдың көктемінде бастау жоспарланған.

«Қазіргі уақытта негізгі назар құрылысқа дайындыққа аударылған. Жобалау жұмыстары аяқталуға жақын, сондай-ақ қонақүйді басқаратын халықаралық оператормен келіссөздер жалғасуда. Біз төрт жұлдызды заманауи кешен салуды жоспарлап отырмыз. Онда қонақүй нөмірлерімен қатар конгресс-холл мен толыққанды спорт орталығы орналасады. Бұл туристерді ғана емес, ірі іскерлік және спорттық іс-шараларды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Harvest Agro тобына қарасты AA Capital компаниясының жобалар жетекшісі Динара Кулибаева.
Жобаға сәйкес, аумағы 50 сотық жерге сегіз қабатты, 100 орындық қонақүй, заманауи конгресс-холл, мейрамхана, бизнес-кеңістіктер және дзюдо залы мен фитнес-аймағы бар екі қабатты спорт орталығы салынады. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 7,5 миллиард теңгені құрайды. Құрылысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Сабит Мұқанов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының алдындағы жаңа субұрқақтың құрылысымен де танысты. Бұл нысан жаңартылған қоғамдық кеңістіктің басты көрікті орындарының біріне айналмақ. Субұрқақ заманауи су тазарту жүйесімен, сәулеттік жарықтандырумен және музыкалық сүйемелдеумен жабдықталады. Композиция бірнеше деңгейлі су көріністерінен тұрады.
«Субұрқақ бірнеше тәуелсіз композициядан құралады: орталық су ағыны, көбік элементтері, гүл бейнесінде ашылатын су құрылымдары, желпуіш тәрізді композициялар және сәндік мүсіндер. Олардың барлығы музыкалық бағдарламамен синхронды жұмыс істейді. Жүйе жадына он музыкалық шығарма енгізіледі, қажет болған жағдайда репертуарды толықтырып, жаңартуға мүмкіндік бар», – деді «Renaissance Construction Group» ЖШС директорының орынбасары Армен Пагасян.
Маңызды нысандардың бірі – RIXOS қонақүй кешенінің құрылыс алаңы. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің қадалы іргетасы толық аяқталып, соңғы корпустың дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында әртүрлі санаттағы 112 нөмірі бар заманауи қонақүй бой көтереді. Кешенде кең қабылдау залы, фитнес-орталық, SPA-аймақ, мейрамхана, конференц-залдар және банкет залдары қарастырылған.

Жоба авторлары жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға ерекше мән берген. Қонақүймен қатар 180 пәтерлік тұрғын үй кешені, серуендеу аллеясы, балалар ойын алаңдары, автотұрақтар және абаттандырылған аумақ салынады. Кешеннің құрылысын толық аяқтау 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
«Әрбір тұрғын үй корпусына ұзындығы 12 метр болатын шамамен 450 қада орнатылады. Бұл ғимараттардың беріктігін қамтамасыз етеді. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде: тұрғын үйлер, қонақүй және бизнес-орталық бір мезгілде, бірыңғай тұжырымдама негізінде салынып жатыр», – деді YDA Group мердігер ұйымының өкілі Якуб Янардаг.

Жұмыс сапары аясында Петропавл қаласындағы ең танымал тарихи нысандардың бірі – өткен ғасырдың басында салынған көпес Поляковтың бұрынғы бу диірмені де араланды. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін сәулет ескерткіші жаңа тыныс алып, мұнда 82 нөмірлік PANA қонақүй кешені ашылады.

Жоба тарихи ғимараттың бастапқы келбетін барынша сақтауды көздейді. Мамандар кірпіш қасбеттерді қалпына келтіріп, архивтік материалдардың негізінде жоғалған сәулеттік элементтерді қайта жаңғыртады. Сонымен қатар ғимарат қазіргі заманғы қонақүй индустриясының талаптарына бейімделеді. Жобаға шамамен 10 миллиард теңге инвестиция салынып, пайдалануға берілгеннен кейін 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қалпына келтіру жұмыстарын келесі жылдың жазында аяқтау жоспарланған.

Жұмыс сапарының соңғы нысаны – болашақта заманауи аквапарк салынатын «Qyzyljar» экопаркі болды. Жобаны осындай нысандарды салуда тәжірибесі бар Түркиядан тартылатын әлеуетті инвестормен бірлесіп жүзеге асыру жоспарлануда. Құрылысқа арналған жер телімі айқындалған. Алдын ала тұжырымдамаға сәйкес, жаңа кешен бір мезгілде шамамен екі мың келушіні қабылдай алады.
Нысандарды аралау болашақ аквапарктың құрылыс алаңында аяқталып, жобаны іске асырудың келесі кезеңдері талқыланды. Құрылысты биыл бастау, ал 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа аквапарк өңірдегі ең ірі отбасылық демалыс орталықтарының біріне айналып, жүзеге асырылып жатқан қонақүй және қоғамдық жобалармен бірге Петропавл қаласының инвестициялық және туристік тартымдылығын едәуір арттырады.
Бөлісу