Солтүстік Қазақстан туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты
Бөлісу
Солтүстік Қазақстан облысы туризм саласын өңір экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналдыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда бұл бағыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым салаларының қатарында. Жыл сайын облысқа 165 мыңнан астам турист келсе, олардың басым бөлігі табиғаты көркем Имантау-Шалқар курорттық аймағында демалуды таңдайды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары өңірде туристік инфрақұрылымды жаңғырту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Соңғы екі жыл ішінде Имантау-Шалқар курорттық аймағында 20,6 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, туристік нысандарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Алдағы кезеңде тағы төрт жол учаскесін жөндеу жоспарланып отыр. Олардың жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайды.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта екі құтқару бекеті орнатылып, туристік полиция бөлімшесі жұмысын бастады.
Бүгінде өңірде туризм саласына инвестиция тарту қарқынды жүріп жатыр. Имантау-Шалқар курорттық аймағында жалпы құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында жыл бойы қызмет көрсететін заманауи эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салынуда. Нысандарды пайдалануға беру 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Петропавл қаласында да ірі туристік жобалар іске асуда. Соның бірі – Пестрое көлінің жағалауында ашылған «Qyzyljar» экопаркі. Мұнда триатлон аймағы, спорт және балалар алаңдары, абаттандырылған жағажай мен серуендеу жолақтары қарастырылған. Мамандардың пікірінше, бұл нысан алдағы уақытта қаланың басты туристік орталықтарының біріне айналуы мүмкін.
Сонымен қатар облыс орталығында құны 20 миллиард теңгені құрайтын халықаралық деңгейдегі Rixos қонақүйінің құрылысы басталды. Тағы бір маңызды жоба – құны 10 миллиард теңге болатын PANA UNIQUE QYZYLJAR кешені. Жоба аясында тарихи маңызы бар көпес Поляковтың диірмен ғимараты қайта жаңғыртылып, оның негізінде қонақүй, мейрамхана және кофехана ашылады. Бұдан бөлек, «Nomad», «Волна» және «Green Park» демалыс орындарын салу және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Солтүстік Қазақстан облысына келетін туристер санын жылына 280 мың адамға дейін жеткізу көзделуде. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджет кірістерінің артуына және өңірдің Қазақстандағы тартымды туристік бағыттардың бірі ретіндегі беделін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бөлісу