Басты бет СҚО жаналықтары Солтүстік Қазақстанда ұлттық ономастикаға арналған облыстық байқау өтті

Солтүстік Қазақстанда ұлттық ономастикаға арналған облыстық байқау өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 7
cover

Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық ономастиканы дамытуға, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге және осы саладағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты облыстық байқау өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Іс-шара 2026 жылғы 28 қазанда Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж ғимаратында ұйымдастырылды. Оны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізді.

Байқаудың басты мақсаты – географиялық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарын топонимика арқылы кеңінен насихаттау.

Сайысқа аудандық және қалалық жергілікті атқарушы органдарда тіл саясаты мен ономастика мәселелеріне жауапты мамандардан құралған төрт команда қатысты. «Атау аманаты» командасының құрамына Уәлиханов, Жамбыл аудандары мен Петропавл қаласының өкілдері енсе, «Тарих таңбасы» командасына Ақжар, Есіл және М. Жұмабаев аудандарының мамандары бірікті. Ал «Туған жер тұғыры» командасының атынан Аққайың, Айыртау және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандардың өкілдері өнер көрсетті. «Тамыр» командасы Шал ақын және Тайынша аудандарын таныстырды.

Қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, ономастика саласындағы білімдері мен кәсіби дағдыларын көрсетті. Байқау барысында олардың тарихи деректерді білуі, жер-су атауларының маңызын түсінуі және осы бағыттағы жұмыс тәжірибесі сараланды.

Қазылар алқасының құрамына облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілдері, тіл мамандары және облыстық ономастика комиссиясының мүшелері енді.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды «Атау аманаты» командасы иеленді. Екінші орын «Тарих таңбасы» командасына бұйырса, үшінші орынға «Туған жер тұғыры» командасы лайық деп танылды. Ал белсенді қатысқаны үшін «Тамыр» командасы марапатталды.

Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Мұндай байқаулар ономастика саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп, ұлттық атауларды сақтау мен тарихи жадыны жаңғырту жұмыстарына серпін береді.

Бөлісу