Өңір басшылығының халықпен есептік кездесуі барысында Петропавл әуежайына тұрақты автобус қатынасын ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Қазіргі уақытта қала тұрғындары мен қонақтары әуежайға тек таксимен ғана жете алады, бұл әсіресе рейстердің келу және ұшу уақытында жолақының қымбаттауына байланысты шағымдар тудырып отыр, деп хабарлайды SKO24.kz.
Кездесу барысында қала тұрғындарының бірі әуежайдың дамуына және халықаралық бағыттардың ашылуына байланысты қоғамдық көліктің жоқтығы жолаушылар үшін үлкен мәселе екенін атап өтті.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев биылғы жылға жолаушылар тасымалын субсидиялауға 3,5 млрд теңге көлемінде бюджет бекітілгенін хабарлады. Оның айтуынша, жаңа маршрутты іске қосу белгілі бір уақытты талап етеді: алдымен сұранысқа талдау жүргізу, маршрутты мәслихатта әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде бекіту және тасымалдаушылар арасында конкурс ұйымдастыру қажет. Әкімдік мәліметінше, жобаны жүзеге асыру келесі жылға жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл мәселені қарастыру үдерісін жеделдетуді тапсырды. Өңір басшысы тиісті ведомстволарға қысқа мерзімде халық арасында сауалнама жүргізіп, жолаушылар ағынын бақылауды тапсырды.
«Мен сіздерге тапсырма беремін. Бұл мәселені мәслихатқа шығармай тұрып, алдымен жан-жақты зерттеу қажет. Сауалнама жүргізіңіздер, халықпен сөйлесіңіздер. Егер әуежайға автобус қатынасына нақты сұраныс бар екені расталса, онда бұл мәселені іске асыруды қарастыру керек», – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.
Маршруттың қажеттілігі бойынша зерттеу нәтижелері жақын уақытта облыс басшылығына ұсынылады. Қаржы басқармасы мен көлік бөлімі мәліметтерді ұсынғаннан кейін әуежайға автобус бағытын іске қосу туралы түпкілікті шешім қабылданады.