Өңір басшылығының халықпен өткен есептік кездесуінде қаланың ең заманауи жүйелерінің бірі – қар шығару мен қатты тұрмыстық қалдықтарды бақылауға арналған цифрлық мониторинг жүйесі төңірегінде қызу пікірталас болды. «Сұрақ-жауап» сессиясы барысында қатысушылардың бірі полигондарға орнатылған камералардың технологиялық деңгейіне күмән келтіріп, жүйе жеңілдетілген режимде жұмыс істейді деген болжам айтты, деп хабарлайды SKO24.kz.
Бұған жауап ретінде Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев «цифрлық сүзгінің» тиімділігін дәлелдейтін нақты деректер келтірді. Жүйе тек техниканың қозғалысын тіркеп қана қоймай, мемлекеттік нөмірлерді таниды, GPS-трекерлердің бар-жоғын тексереді және регламенттен тыс жұмыс істейтін көліктерді есептен автоматты түрде алып тастайды.
Жасанды интеллекттің тиімділігін дәлелдейтін негізгі көрсеткіштер де айтылды: өткен жылы (бақылау жүйесінсіз) осы кезеңде 1,2 млн тонна қар шығарылғаны тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 735 мың тоннаны құрады. Яғни, шамамен 500 мың тонна айырмашылық жалған есептер мен рұқсатсыз рейстерді сүзгіден өткізу нәтижесі болып, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берген.
«Жүйе жұмыс істеп тұр, біз оны журналистерге таныстырдық және сіздерге де көрсетуге дайынбыз. Егер қандай да бір заңбұзушылық бар деп санасаңыздар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен бақылаушы органдар тексеріс жүргізуге әрдайым дайын. Біз толық ашықтықты қолдаймыз», – деді Серік Мұхамедиев.
Сонымен қатар қала әкімі қоқыс контейнерлеріне қатысты да мәлімет берді: қалада жасанды интеллектпен жабдықталған 46 камера жұмыс істейді. Олар контейнерлер 60% толған кезде диспетчерлерге автоматты түрде хабар беріп, қоқыс шығару кестесін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Ғауез Нұрмұхамбетов «еститін мемлекет» тұжырымдамасы дәл осындай ашық талқылауларды білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ кездесуге барлық құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, азаматтардың өтініштерін тіркеп отырғанын жеткізді.