Петропавл әуежайы алдағы жылдары халықаралық көлік жүйесіндегі маңызды буынға айналуы мүмкін. Өңір билігі әуе айлағының базасында арнайы экономикалық аймақ құрып, оны қуатты мультимодальды орталыққа айналдыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халықпен есептік кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жаңғыртудың негізгі кезеңі – ұзындығы шамамен 6 шақырым болатын теміржол тармағын салу. Бұл тармақ әуежайды негізгі магистральмен байланыстырады. Жобаны қаржыландыру Ислам банкі инвестициялары есебінен тарту жоспарлануда.
Теміржолдың болуы уақытша сақтау қоймаларын салуға және Ресей мен Еуропа елдеріне транзиттік жүктерді қабылдап, өңдей алатын толыққанды логистикалық орталық қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ғауез Нұрмұхамбетов әуежайда арнайы экономикалық аймақ құру инвесторларға айтарлықтай жеңілдіктер беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде ірі логистикалық компанияларды тартып, әуе рейстерінің санын арттыруға ықпал етеді. Петропавлдың тиімді географиялық орналасуын және әуежайдың әртүрлі әуе кемелерін қабылдай алу мүмкіндігін ескере отырып, жоба халықаралық логистика саласында өңірдің «визит карточкасына» айналуы әбден мүмкін.
Билік өкілдері әуежай инфрақұрылымын транзиттік тасымалдар үшін пайдалануға мүдделі бірқатар ірі компаниялармен алдын ала келісімдерге қол жеткізді. Экономикалық тиімділік (салықтар мен инвестициялар) қатар, жобаны жүзеге асыру облыс тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы автомобиль, әуе және теміржол көліктерін бір нүктеге тоғыстыру Солтүстік Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге көтеретін бірегей логистикалық торап қалыптастыратынына сенім білдірді.