Басты бет СҚО жаналықтары Дәстүрден цифрлық технологияларға дейін: Петропавлда Наурыз кең ауқымда тойлануда

Дәстүрден цифрлық технологияларға дейін: Петропавлда Наурыз кең ауқымда тойлануда

by Камилла Кәрім

views 68
cover

Петропавлда Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр. Халықтық серуеннің басты алаңына әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшелерінің бірі - Қазақстан Конституциясы көшесі айналды. Бас алаңнан Орталық алаңға дейін ұлттық дәстүрлерді, заманауи технологияларды, спортты, шығармашылықты және отбасылық демалысты ұштастырған негізгі мерекелік локациялар орналасқан, деп хабарлайды SKO24.kz.

Наурыз мейрамының салтанатты ашылуы облыс әкімінің қатысуымен өтті. Өңір басшысы солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтап, оның тарихи маңызын атап өтті.

«Бұл ежелгі мейрам ізгілік пен жасампаздықтың салтанатын айшықтайды, қуаныш пен үмітке толы, терең философиялық мәнге ие және әлемдік мәдени дәстүрде ерекше орын алады. Наурыз - төл қазақы дәстүрлердің ажырамас бөлігі. Бағзы заманнан бері ата-бабаларымыз көктемгі күн мен түннің теңелуін өмірдің жаңаруының, табиғаттың түлеп, рухани жаңғырудың белгісі ретінде атап өткен», - деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі өз жетістіктерімен өңір абыройын асқақтатып, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытып жүрген үздік спортшыларды құттықтады. Салтанатты жағдайда Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев, Надежда Морозова, Варвара Глухова, Кристина Шумекова, Инесса Шумекова және Алина Шумекова құрметке бөленді - спортшылар мен олардың тәлімгерлеріне сертификаттар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді. Пәтер кілттері Надежда Морозоваға, Ербол Хамитовқа, сондай-ақ Шумековалар әпкелі-сіңлілерінің ата-анасы Руслан Қайыркенұлы мен Юлия Михайловнаға берілді.

Мерекелік бағдарламаның өзегіне Бас алаңдағы «Ұлыдала» театрландырылған қойылымы айналды. Мұнда тақырыптық киіз үйлер тігіліп, қыш өнері, қолөнер және 3D-модельдеу бойынша шеберлік сабақтары өтіп жатыр, ұлттық спорт ойындары, сондай-ақ жастар мен ретро бағдарламалар ұйымдастырылған. Ең жарқын алаңдардың бірі - «Digital Nauryz». Онда робототехника, VR-ойындар, цифрлық киіз үй, дрондарды басқару және этно-костюмдермен фотозоналар ұсынылған.

«Өте әдемі жасапты. Халық көп, музыка, көңіл-күй - расымен де бұл бүкіл қалаға ортақ үлкен мереке екені сезіледі. Шынымды айтсам, дәл осы бірлік пен мерекелік атмосфера үшін Наурызды жыл бойы күтеміз», - деді облыс орталығының тұрғыны Дарья Ярышева.

Қалада алғаш рет «Наурыз дәмі» гастрофестивалі өтіп жатыр. Онда қоғамдық тамақтану саласының өкілдері мерекелік тағамдарын ұсынып, палаудың үздік рецепті бойынша байқау ұйымдастырылған. Балаларға арналған «Ғажайып әлемі» ойын аймағында интерактивтер, мультфильмдер мен ойын-сауық алаңдары жұмыс істеп тұр. «Шеберлер алаңында» қолөнершілер көрмесі жайғасса, облыстық тарихи-өлкетану музейі маңында қонақтарды ұлттық салт-дәстүрлермен және тұрмыстық бұйымдармен таныстыруда.

«Біз мұнда отбасымызбен келдік. Балаларға қызық, үлкендерге де көретін дүние көп. Қалада осындай баршаға арналған мерекелердің ұйымдастырылғаны жақсы», - деді петропавлдық Тамерлан Жақыпов.

Мерекенің ең ерекше әрі әсерлі көріністерінің бірі қаз жарысы болды. Бұл сайыс қала тұрғындары мен қонақтарының айрықша қызығушылығын тудырды. Жарыс нағыз тартыс пен көтеріңкі көңіл-күй атмосферасында өтіп, алаң маңына көп көрермен жинады.

«Шынымды айтсам, мұндайды алғаш рет көрдім. Мұны енді бір жыл бойы еске алатын шығармыз. Дегенмен, мұндай жарыстар бұрын да өткенін естігенмін», - деп бөлісті көрермен Дмитрий Арсеньев.

Орталық алаңда жануарлар мен құстар көрмесі, сауда қатарлары және концерттік бағдарламасы бар «Жайлау ауылы» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Биылғы мерекенің ерекшелігі - дәстүр мен заманауи технологиялардың үйлесім табуы. Алаңдарда QR-кодтар қолданылып, LED-экрандар орнатылып, тікелей эфирлер жүргізілуде.

«Биыл Наурыз өте әсерлі әрі шынайы жылы өтіп жатыр, бәрі сондай жарқын да әсем. Осындай мереке үшін рақмет. Бүгін қала бұрынғыдан да тату бола түскендей, оны адамдардың бір-біріне қалай жымиып қарағанынан-ақ байқауға болады», - деді қала тұрғыны Сәуле Омарова.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында Наурыз мерекесіне орай 700 іс-шара өтіп жатыр.