Басты бет Петропавл жаңалықтары 6 мың шақырым – 23 күн: Петропавлдан елдің оңтүстігіне Kozybayev University командасымен SERPIN WAY 2.0 керуені жолға шықты

6 мың шақырым – 23 күн: Петропавлдан елдің оңтүстігіне Kozybayev University командасымен SERPIN WAY 2.0 керуені жолға шықты

by Камилла Кәрім

views 33
cover

Петропавл қаласынан Kozybayev University командасы мінген брендтелген автобус салтанатты түрде жолға шықты. Студенттерді, оқытушыларды және университет қызметкерлерін 23 күн ішінде Қазақстан жолдарымен 6 мың шақырымнан астам қашықтықты еңсеретін ауқымды сапар күтіп тұр. Өткен жылы алғаш рет жүзеге асырылған жоба биыл жаңа кезеңге өтіп, еліміздің жеті облысындағы 30-дан астам елді мекенді қамтиды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Керуен бағыты Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстары арқылы өтеді. Команда 14 қала мен 16 ауылды, соның ішінде шалғай елді мекендерді аралап, талапкерлермен және олардың ата-аналарымен кездеседі. Сапардың басты мақсаты – гранттар мен білім беру бағдарламалары туралы ақпарат беру ғана емес, сонымен қатар соңғы 10 жылда жастар үшін әлеуметтік лифтке айналған «Серпін» бағдарламасына жаңа серпін беру.

Бұл бағдарлама еңбек күші артық өңірлердегі жастарға сапалы білім алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп келеді.

Жобаға ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қолдау білдірді. Ол өз сөзінде бұл бастаманы бірегей жоба деп атап, маршруттың еліміздің оңтүстік өңірлерін кеңінен қамтитынын айтты. Оның айтуынша, қалалар мен ауылдарда жоспарланған 120 іс-шара талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін «Серпін» бағдарламасы, ҰБТ және кәсіби бағдар мәселелері бойынша толық ақпарат алуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол университет ұжымына алғыс айтып, сапарға сәттілік тіледі.

Биыл жоба форматы өзгерді: команданың 70%-ын жастар құрайды. Олар өз қатарластарына түсінікті тілде ақпарат береді. Негізгі екпін студенттердің өздері заманауи жатақханалардағы өмір мен білім сапасы туралы айтуына бағытталған. Өткен жылдағыдай, әлеуметтік желілер мен концерттік бағдарламалар белсенді қолданылып, талапкерлердің университетті есте сақтап, дұрыс таңдау жасауына ықпал етеді.

Kozybayev University Студенттік үкіметінің президенті Асанали Жанатұлы бұл бастаманың негізгі мақсаты – солтүстік өңірдің мүмкіндіктерін көрсету екенін атап өтті:

«Негізгі мақсат – «Серпін» бағдарламасын таныстыру және солтүстік өңірде сапалы білім беретін, қос дипломды бағдарламалары бар, заманауи жатақханалары бар лайықты университет бар екенін көрсету. Енді негізгі құрам – жастар. Олар түлектерге қарапайым тілмен біздің жағдайымыздың жақсы екенін түсіндіре алады», – деді ол жолға шығар алдында берген сұхбатында.

Сапар барысында жалпы ақпараттық қамту 600 мыңнан астам адамды құрайды деп күтілуде. Жобаға министрлік, облыс әкімдігі және университет ректоры қолдау көрсеткен. SERPIN WAY 2.0 керуені 23 сәуірде Петропавлға қайта оралады.