Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда оқушыларға бизнестегі табысқа жетудің құпиялары айтылды

Петропавлда оқушыларға бизнестегі табысқа жетудің құпиялары айтылды

by Камилла Кәрім

views 15
cover

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салалық кеңесінің мүшелері Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің 10-сынып оқушыларымен кездесті. «Кәсіпкерлік – табысқа жетудің жолы» атты іс-шара «Ашық Алаң» мектептік кәсіби бағдар беру жобасы аясында өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Аталған лицейдің кәсіби бағдар беруші педагогы Роза Кабиева кездесудің басты мақсаты тек жасөспірімдерді бизнес әлемімен таныстыру ғана емес, сонымен қатар олардың қаржылық сауаттылығын қалыптастырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт беру екенін атап өтті.

«Біздің “Ашық Алаң” жобасы үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ай сайын біз бұл алаңға түрлі мамандық иелерін шақырып, оқушыларға әр сала туралы нақты ақпарат береміз. Осы оқу жылынан бері бұл – кәсіпкерлермен үшінші кездесу», – деді Роза Кабиева.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Асель Кунанова кәсіпкерлік тек ынтадан ғана емес, сонымен қатар қолдау тетіктерін дұрыс түсінуден басталатынын айтты. Ол стартап-жобаларға арналған гранттарға ерекше тоқталды. Оқушыларға тиімді бизнес-идея мен сауатты бизнес-жоспар болған жағдайда мемлекеттен де, өзге ұйымдардан да қаржылай қолдау алуға болатыны түсіндірілді.

«Қазіргі таңда мектеп оқушыларына арналған стартап жобаларға арнайы гранттар бар. Мысалы, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы бизнес-идеялар байқауын өткізді. Оған 14 жастан бастап облыс тұрғындары қатыса алды. Гранттар төрт бағыт бойынша берілді: шығармашылық, экономика, IT және БАҚ. Қаржылай қолдау көлемі 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін. Бұл – өз идеяңды жүзеге асырып, бизнес-модельді сынап көру үшін жақсы мүмкіндік», – деді Асель Кунанова.

Кеңес мүшелері өздерінің табысқа жету жолдарын да бөлісті. «Style project» ЖШС директоры Галия Жұмағужинова 9-сыныптан бастап болашағын нақты жоспарлап, таңдаған мамандығына мақсатты түрде дайындала бастағанын айтты. Бұл табандылық оның кәсіби жолында да үлкен рөл атқарды: оқу орнын тәмамдағаннан кейін ол оқытушыдан бастап колледждегі құрылыс бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілді. Соңғы үш жылда жинақтаған тәжірибесін пайдаланып, бизнес саласында табысты жұмыс істеп келеді.

«Ісіңіз жүректен шығуы керек. Егер өз ісіңізді сүйсеңіз, міндетті түрде жетістікке жетесіз. Ештеңеден қорықпаңыз: жақсы идея келсе, оны жүзеге асырыңыз, өйткені кез келген ой үш күн ғана өмір сүреді. Тағы бір маңызды кеңес – табысыңыздың, тіпті аз болса да, 10 пайызын үнемі жинап отырыңыз. Бұл қаржылық қор қалыптастыруға көмектеседі. Осы дағдыны дамыту үшін «Вавилондағы ең бай адам» кітабын оқуға кеңес беремін», – деді Галия Жұмағужинова.

Сондай-ақ « Language Transform» білім беру орталығының жетекшісі Екатерина Сидоранская білім беру саласындағы кәсіпкерлік тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, заманауи білім мен тілдерді меңгеру – кез келген істі дамыту мен кеңейтудің негізі.

«Мен кәсіпкерлікпен 15 жылдан бері айналысамын, соңғы 7 жылда өзімнің білім беру орталығым жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде таңдаған салама ешқашан өкінген емеспін, өйткені білім беру әрдайым өзекті. Сіздердің жастарыңызда тек жақсы оқу ғана емес, болашақта немен айналысатыныңызды түсіну маңызды. Өз күшті тұстарыңызды анықтап, соған көңіл бөліңіздер. Сонымен қатар білім алу, өзін-өзі дамыту, кітап оқу және мотивацияны сақтау өте маңызды. Кәсіпкер – табысының өзі қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге тікелей байланысты екенін түсінетін адам», – деді Екатерина Сидоранская.

Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, бизнестегі алғашқы қадамдар, сәтсіздіктер, тәуекелдер және қиындықтарды еңсеру үшін қажетті қасиеттер туралы сұрақтар қойды. Қонақтар жастарға бірнеше маңызды кеңес берді: қателіктерден қорықпау, себебі олар – тәжірибе; үнемі білім алып, дамып отыру; сондай-ақ қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру.