СҚО Тимирязев ауданында жас хоккейшілер заманауи жабдықтар мен көлікке ие болды
Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту, сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы жұмыстардың аясында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше назар аударылып, жас спортшыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты шаралар қолға алынуда, деп хабарлайды SKO24.kz.
Аталған бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде балалар-жасөспірімдер спорт мектебі заманауи хоккейлік экипировкамен және микроавтобуспен қамтамасыз етілді. Бұл қолдау оқу-жаттығу үдерісінің сапасын арттыруға, спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Көрсетілген қолдаудың арқасында мектеп тәрбиеленушілері 10 дана заманауи ойын формасына, сондай-ақ қақпашыларға арналған 2 толық жиынтық арнайы экипировкаға ие болды. Аталған жабдықтар заманауи талаптарға сәйкес келіп, жаттығу барысында спортшылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, команда үшін маңызды әлеуметтік мәнге ие болған тағы бір шешім – микроавтобустың берілуі. Бұған дейін жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына және жолдастық кездесулерге қатысу барысында көлік мәселесі өзекті болып, бірқатар ұйымдастырушылық қиындықтар туындаған болатын. Енді барлық тәрбиеленушілер үшін тең мүмкіндік жасалып, спорттық іс-шараларға толық құрамда қатысуға жол ашылды.
Аталған бастама Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Басқарма басшысы Қарлыгаш Рамазанова жетекшілігімен өңірде бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына тартуға және спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау спорт саласының тұрақты дамуына негіз болып отыр.
Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 44,1 пайызы, яғни 227 446 адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Оның ішінде 13 767-сі балалар мен жасөспірімдер.
Өңірде спортпен шұғылдану үшін қажетті инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда облыс аумағында 2 197 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 13 стадион, 11 жүзу бассейні (оның ішінде 1-еуі 50 метрлік және 7-еуі 25 метрлік), 29 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Борки кентіндегі шаңғы-биатлон кешені, сондай-ақ Қызылжар ауданында орналасқан «Құлагер» ипподромы бар.
2025 жылы облыс бойынша 43 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Есіл ауданының Петровка ауылында жабық хоккей корты пайдалануға берілді, Мамлютка қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, 21 шағын футбол алаңы мен 15 спорт алаңы іске қосылды. Сонымен қатар, Петропавл қаласының Жас Өркен шағынауданында жүзу бассейні мен ойын залы бар заманауи мұз аренасы пайдалануға берілді.
Қорытындылай келе, аталған жұмыстар өңірде бұқаралық спортты дамытуға, жас ұрпақты спортқа тартуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Спорт саласының мамандары мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтуде.