Петропавлда Sensitive би театры ұсынған «Ботай» этнопластикалық перформансының премьерасы өтті. Қойылым қала тұрғындары мен өңір қонақтарының назарын аударып, маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.

Қойылымның негізінде өңірдегі маңызды археологиялық жаңалықтардың бірі — Ботай мәдениетінің көркемдік тұрғыда жаңаша пайымдалуы жатыр. Пластикалық тіл мен заманауи хореография арқылы әртістер ежелгі адамдардың әлемге көзқарасын, рухани құндылықтарын және адамның табиғатпен байланысын жеткізуге тырысты.

Ұжымның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикованың айтуынша, қойылымды дайындау оңай болмаған. Дайын әдеби сценарийдің болмауы тарихи және мифологиялық материалдарға сүйене отырып, сюжетті де, сахналық шешімді де нөлден бастап құруды талап етті.

Премьераға дайындық шамамен бір айға созылып, осы уақыт ішінде әртістер күн сайын қимыл-қозғалысты жетілдіріп, синхрондылыққа, дәлдік пен пластикалық мәнерлілікке қол жеткізуге ұмтылды.
Қойылым желісі адам мен Желқанат есімді құлынның тағдырына құрылған. Көркемдік тұжырым бойынша, Желқанатты қасиетті биенің рухы жаратқан. Олардың өмір жолдары қатар өрбиді: адам жермен байланысын тереңірек түсіне бастаса, оның серігі адам әлемін тануды үйренеді. Уақыт өте келе олардың арасындағы байланыс сынақтардан өтіп, сенім, өзара қолдау және өмірлік қиындықтарды еңсерудің бейнесіне айналады.
Қойылым заманауи пластикалық өнер бағыттарын қазақ биінің элементтерімен үйлестіреді. Дала мәдениетінде ерекше орын алатын жылқы бейнесін сахнада әртістер Евгений Кузьмин мен Екатерина Житковец сомдады.

Орындаушылардың айтуынша, рөлдерге дайындық үлкен жинақылықты, физикалық және эмоционалдық күшті талап етті, әсіресе күрделі пластикалық көріністерде.
Көрермендер қойылымға жылы лебіздерін білдірді: олар күшті эмоционалдық әсер алғанын және оқиғаның ерекше түрде ұсынылғанын атап өтті. Қызылжар ауданының тұрғыны Валентина Шаляпина спектакль ежелгі мәдениетке өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік бергенін айтты.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мұндай жобалардың өңірдің мәдени дамуы үшін маңызды екенін атап өтіп, шығармашылық ұжымға кәсіби шеберлігі мен инклюзивті өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.