Петропавлда кәмелетке толмағандарға қарсы бағытталған интернет-қудалаудың жаңа толқыны басталды. Telegram мессенджерінде мазмұны жағынан шектен шыққан арна белсенді бола түсті. Жазбалардың аса қатыгез сипатына қарамастан, арнаның жазылушылары күн санап көбейіп, сонымен бірге цифрлық зорлық-зомбылықтың жаңа құрбандары да артып келеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Арнадағы контент – өсек-аяң, жеке сипаттағы материалдар мен кәмелетке толмағандарға қатысты ашық қорқытулардың қоспасы. Онда есірткі қолдану, маскүнемдік және әдепсіз мінез-құлық туралы дәлелсіз айыптаулар жарияланады. Көбіне дөрекі тілмен және қате жазылған бұл жазбалар мектеп оқушыларының суреттері мен жеке деректерімен бірге жарияланып, ешқандай рұқсат алынбайды.
Сонымен қатар арнада интимдік сипаттағы материалдар да жарияланады. Құрбандар – негізінен жасөспірімдер мен колледж студенттері. Мұндай контент тек фото және бейнематериалдарды таратумен шектелмей, пікірлерде қатыгездікке үндейтін жазбалар да кездеседі.
Қазіргі таңда жеке мәліметтері мен суреттері жария болғандардың арасында қаланың бірнеше оқу орнының оқушылары бар. Көпшілігі – мектеп оқушылары, алайда олардың арасында колледж студенттері де кездеседі. Тіпті анонимді авторлар мұғалімдерді де айналып өтпеген: олардың аты-жөндері де арнада қараланып, жария етілуде.
Бұл жағдай облыс орталығы үшін жаңа емес. Өткен жылы қалада осыған ұқсас арна жұмыс істеп, үлкен қоғамдық резонанс тудырған болатын. Ол кезде құқық қорғау органдары істі тексеріп, арна жабылған еді. Алайда қазір сол жағдай қайта қайталануда. Құқық қорғау органдары азаматтарды осындай фактілер туралы «102» нөміріне хабарлап, сілтемелер мен қолда бар деректерді ұсынуға шақырады.
«Полиция Telegram-арналардың біріндегі ықтимал кибербуллинг туралы жарияланымға байланысты тексеру жүргізуде. Контентті орналастыруға қатысы бар тұлғалар мен мән-жайлар анықталуда. Құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», – деп хабарлады СҚО Полиция департаменті.
Мұндай ресурстар қоғам үшін қауіпті, өйткені жасөспірімдердің психикасы интернеттегі ашық қорлау мен қысымға аса осал. Желіде ұйымдастырылған жаппай қудалау ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнатып, цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және қауіп-қатерге қалай әрекет ету керектігін үйрету аса маңызды.