Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында алғашқы заманауи креативті және IT-технологиялар орталығының салтанатты ашылуы өтті
Булаево қаласында креативті және цифрлық технологиялардың заманауи орталығы – MAGZHAN Creative & IT Center салтанатты түрде ашылды. Жоба өңірдің цифрлық ортасын дамытудағы маңызды буынға айналып, жергілікті тұрғындардың тың бастамаларын жүзеге асыратын жаңа алаң болмақ, деп хабарлайды SKO24.kz.

Ашылу рәсіміне облыс әкімінің аппаратының басшысы Руслан Әлішев, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Astana Hub өңірлік даму кеңсесінің директоры Диан Айбашпанов, сондай-ақ цифрлық технологиялар саласының сарапшылары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Қонақтар орталықтың ауданның креативті индустрияларын дамытуға серпін беретінін атап өтті.

MAGZHAN Creative & IT Center орталығының негізгі тұжырымдамасы – тұрғындардың дағдыларын табыс көзіне айналдыруға жағдай жасау. Бұл тек білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар бизнеске бағытталған хаб. Қалыптасқан спикерлер тобы барлық ниет білдірушілерді табыс әкелетін әрі инвестиция тартатын жобалар жасауға үйретеді. Мұндай жобалар аудан экономикасының дамуына үлес қосады.

Орталық құрылымында бірнеше жоғары технологиялық аймақ қарастырылған. IT-сыныптар мен бағдарламалау аймағында аудан тұрғындары заманауи бағдарламалау тілдерін және жасанды интеллектімен жұмыс істеуді меңгере алады. Мәселен, Булаево қаласының Кәсіби даярлау және сервис колледжі студенттері жасанды интеллекттің презентациялар әзірлеу мен оқу материалдарын дайындауда қалай көмектесетінін көрсетіп отыр. Бұл оқу үдерісінің тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Технологияларды тәжірибеде қолдануға ерекше көңіл бөлінген. 3D-басып шығару және робототехника аймағында ауыл шаруашылығы техникасына қажетті бөлшектерді жедел дайындау мәселесі шешілуде. Бұл – аграрлық аудан үшін аса маңызды. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттары аймағында жастар дрондарды басқаруды және ауыл шаруашылығында сұранысқа ие цифрлық карталар жасауды үйренеді.
Креативті мамандық иелері үшін медиа-аймақ пен кәсіби дыбыс жазу студиясы ашылған. Мұнда визуалды контент әзірлеп, жасанды интеллект көмегімен аранжировка жасай отырып, авторлық музыкалық туындылар жазуға болады. Орталықтың заманауи инфрақұрылымы кез келген деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді – 3D-визуализациядан бастап жоғары сапалы аудиоконтент жазуға дейін.
Заманауи технологиялар мен спорт әуесқойлары VR, ойын және киберспорт аймақтарын жоғары бағалайды. Мұнда танымал дисциплиналар бойынша командалар жаттығып, геймдев саласындағы жобалар таныстырылады. Сонымен қатар орталық дәстүрлі қолөнерге де ашық: қолданбалы өнер аймағында жергілікті шеберлердің саз, ағаш және металдан жасалған бұйымдары ұсынылған.
MAGZHAN Creative & IT Center барлық тұрғындар үшін тартымды орталыққа айналуы тиіс. Мұнда облыс орталығына бармай-ақ заманауи техникаға қол жеткізуге болады. Булаево тәжірибесін кеңейту жоспарлануда: алдағы уақытта осындай IT-орталықтар ауданның тағы үш ауылдық округінде ашылады.